Астана Zero ТВ бастамасына қосылуға ниетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі жаһандық конференциясы аясында Астана қаласы әкімдігі мен «Стоп ТБ» әріптестігі арасында елорданың Zero ТВ  бастамасына қосылу ниеті туралы декларация рәсімделді. Құжатқа елорда әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев пен «Стоп ТБ» әріптестігінің атқарушы директоры Лучик Дициу қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана Zero ТВ бастамасына қосылуға ниетті

Осылайша, Астана «Zero ТВ»  қалаларының коалициясына қосылған Орталық Азиядағы алғашқы шаһар болмақ. Айта кетерлігі, Zero ТВ  бастамасы туберкулезді анықтау мен ерте диагностикалауды жеңілдетуге, өлім-жітім мен туберкулездің таралу көрсеткіштерін төмендету үшін қосымша қаржылық, техникалық және клиникалық ресурстарды жұмылдыруға көмектеседі. Бұл декларация Астана қаласының әлеуметтік маңызы бар аурулармен күресте халықаралық деңгейге көтерілуіне, туберкулезбен күресте жинаған тәжірибесін әлемнің өзге де қалаларының қолдануына жол ашады деп күтіледі.

«Толықтай алғанда, бұл бағытта Астана қаласының әкімдігі ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Соңғы жылдары туберкулезге шалдығу деңгейін 4 есеге төмендеттік. Мұндай меморандумдар бүгінгі күні алдымызда тұрған сын-тегеуріндерді шешуге, өзара жаңа ақпараттармен, шешімдермен алмасуға мүмкіндік береді», - деді құжатқа қол қою рәсімінен кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қамалжан Надыров.

Ал «Стоп ТБ» әріптестігінің атқарушы директоры Лучик Дициудың айтуынша, туберкулезді нөл деңгейіне жеткізу жолында ұлттық ауқымда күрес жүргізу өте қиын. Сондықтан бұл аурумен күресті шағын аумақтардан бастап жүргізген дұрыс.

«Бұл біршама тиімді әрі қаржылдандыру жағынан да қиындық болмайды. Яғни, бұл жұмысты жергілікті деңгейде жүргізген жөн. Біз қалалармен жұмыс істеуге баса мән береміз. Себебі нәтиженің бар екенін көріп отырмыз. Мұндай жұмыс тіпті үлкен қалаларда да өз жемісін береді», - деді Лучик Дициу.