«Астана жаңа университетінің» іске қосылуымен «Болашақ» халықаралық стипендиясында бакалавр бағдарламасы қысқартылатын болады - баспасөз мәслихаты
АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - «Астана жаңа университетінің» іске қосылуымен «Болашақ» халықаралық стипендиясында бакалавр бағдарламасы қысқартылатын болады. Бұл туралы бүгін ҚР Тұңғыш Президентінің интеллектуалдық мектебінде өткен баспасөз мәслихатында аталмыш университеттің вице-президенті Қадиша Дайырова мәлім етті.
«Болашақ» бағдарламасын Президент, елге жоғары білікті кадрлар аса қажетті болған уақытта тағайындаған болатын. 2005 жылы Н.Назарбаев бағдарламаның ауқымын кеңейтті. Қазір стипендиаттардың белгілі бір саны бакалавриат бағдарламасы бойынша білім алуда. Дегенмен, бакалавриат дәрежесі - жоғары білімнің соңына дейін аяқталмаған түрі. Сондықтан, 4 жыл бойы бюджеттік қаражатты шығындау тиімді емес. Себебі, бір бакалаврды оқыту үшін екі магистранттың ақшасы төленіп отыр», - деп атап өтті ол.
Қ.Дайырованың айтуынша, осы бағытта ынтымақтастықта жұмыс істеу үшін бүгін, Халықаралық бағдарламалар орталығымен кездесу өтті. Оның сөзіне қарағанда, «Астана жаңа университетінің» іске қосылуымен «Болашақ» бағдарламасынан қандай да бір мамандықтар жөні-жоқ механикалық түрде алып тасталмайды. Ол үшін үлкен талдау жасалып, Қазақстанға аса қажетті және мұнда оқытылмайтын мамандықтар анықталады да, білім беру солар бойынша жүзеге асырылатын болады. Бірақ Қ.Дайырова атап көрсеткендей, олардың саны шектеулі және өте аз көлемде болады.
«Болашақ» бағдарламасынан бакалавриаттың қысқартылуымен стипендиаттардың саны қысқармайды. Бакалавриаттан үнемделген қаражат магистранттардың бүгінгіден көп санын оқытуға жұмсалатын болады.