Астана және Шымкентте тұрғын үй құрылысына негізделген жаңа ілкі жоба іске қосылады
АСТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Экономиканы жаңғырту бойынша мемлекеттік комиссияның отырысында еліміздегі тұрғын үй құрылысын дамытудың жаңа бағдарламасы таныстырылды.
Экономикалық даму және сауда вице-министрі Қуандық Бишімбавтың сөзіне қарағанда, статистика мәліметтері бойынша тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестициялар 37 пайызға төмендеген көрінеді. Осыған байланысты тұрғын үй жетіспеушілігі орын алып, баға өсімі байқалуда. Биылғы жылдың алғашқы жартысында өңірлер бойынша баға 20-25 пайызға жоғарылады.
Қ. Бишімбаев тұрғын үйдің бастапқы нарығында (жаңа үйлер) ұсыныстар жоқ, ал екінші нарықтағы үйлер алып-сатарлық саудаға айналып отыр. «Осыған байланысты бағдарлама жобасы әзірленді. Алайда, бұл бағдарламаны Қазақстан өңірлері аясында тексеріп көру үшін біз 2011-2012 жылдары бірқатар ілкі жобаларды іске асыруды ұсынамыз»,-деді вице-министр.
Атап айтқанда жоба аясында тұрғын үйді сату бірнеше кесте бойынша қарастырылып отыр. Яғни, онда жалға алу, жалға беріп кейіннен сату, тікелей сату, сондай-ақ «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ арқылы құнын бөліп-бөліп сатып алу шаралары ескерілді.
Бұл бағдарламамен танысқаннан кейін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов оны ілкі жоба режимінде Астана және Шымкент қалаларында іске қосу керек екенін айтып өтті. «Меніңше, ол бағдарлама болуға әлі де толық жетілмеген. Сондықтан оны ілкі жоба ретінде бекітейік. Осы орайда жобаны елорда ретінде Астанада және өңірлер арасынан Шымкентте іске асыруды ұсынамын»,-деді Премьер-Министр. К. Мәсімовтің пайымдауынша, алғашқы кезде аталған аймақтарда жинақталған тәжірибеден кейін оны өңірлерде іске қосу үшін бағдарлама тұрғысында қарастырылатын болады.