Астана және СҚО басшылары алдағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда «Астана-Солтүстік Қазақстан облысы өңіраралық ынтымақтастық» бизнес-форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек мұндай шаралар өңірлер арасындағы байланыстарды одан әрі жақсартып, өзара тиімді тауар айналымын арттыруға, сабақтас салаларда тәжірибе алмасу және өңіраралық жобаларды іске асыруға оң серпін беретінін айтқан.

«2017 жылы Астана қаласының өнеркәсіп кәсіпорындарымен тауар айналым көлемі 16 миллиард теңгеден асты. Бұл көрсеткіш 2016 жылғымен салыстырғанда 6 есеге көп. Ай сайын облыс кәсіпорындары мен шаруалары ет, сүт, макарон және кондитер өнімдерін, жартылай фабрикаттарды жеткізіп келеді», - деді Д. Жандарбек.


Ол Солтүстік Қазақстан облысы елорда нарығына бәсекеге төзімді әрі сапалы өнімдерді қажетінше жеткізуге және өнеркәсіп, әлеуметтік салаларда жаңа технологияларды енгізу бойынша тәжірибе алмасуға дайын екенін жеткізді.

«Астана қашан да ынтымақтастық пен инвестицияларға дайын болып келген. Елордалық бизнесмендер Петропавлда әрі бүкіл облыста өздеріне қызықты болатындай бағыттарды таба алады деп ойлаймын. Біздің бизнес құрылымдар Сіздермен ынтымақтастықты бұдан да жақсартуға ниеттеніп отыр», - дейді Астана қалалық мәслихатының хатшысы Жанат Нұрпейісов.

Ол Солтүстік Қазақстан облысының Астананың мерейтойына әзірлеп отырған сыйлығы үшін өңір басшылығына алғыс білдірді. СҚО әкімдігі торқалы тойға арнап «Астана-Қарқаралы» күре жолының бойында 2,5 километрге созылған велосипедшілер және жаяу жүргіншілер жолақтарын төсеп жатыр.

Бизнес-форумның аяғында тараптар бірнеше екіжақты құжаттарға қол қойды.

Соңғы жаңалықтар