Астана жастар театры Оңтүстік Кореяда өнер көрсетеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана жастар театры Оңтүстік Кореяда өнер көрсетеді. Бұл жайында бүгін аталған театрдың «Қыз Жібек» мюзиклінің премьерасына арналған баспасөз мәслихатында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін біз үшін ерекше. Неге десеңіздер бұл - театрымыздың биылғы жылғы алғашқы премьерасы. Әрине, қазір Астана қаласында мәдениет бағытында көптеген жұмыс жасалып жатыр. Қаламыздың 20 жылдығы, рухани жаңғыру бағдарламасы қолға алынды. Сондықтан бүгінгі премьерамызды Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына тарту деп біліңіздер», - деді баспасөз мәслихатында аталған театрдың директоры Ернар Жұматаев.
Сонымен қатар ол Астана жастар театрының алдағы уақыттағы жоспарларымен де бөлісті.
«Қазіргі уақытта бізге шетелден де көп шақыру түсіп жатыр. Өйткені, ұжымыз Орталық Азия елдеріне танымал. Театрымыз құрылған 10 жылдың ішінде Орта Азия елдері театрлары арасында өткен фестивальде 10 мәрте бас жүлде алды десем, артық айтқандық емес. Ендігі кезекте Еуропа елдеріне барып, өз өнерімізді паш еткіміз келеді. Мәселен, бүгін елорда жұртшылығы тамашалайтын «Қыз Жібек» мюзикліне де сұраныс түсіп жатыр. Оңтүстік Корея барлық шығынды өздері көтеріп, тек осы мюзиклді қойып берсеңіздер, деп отыр. Қазір театрымыз осындай сұранысқа ие. Биыл да Орта Азия елдерінің фестиваліне қатысу жоспарымыз бар», - деді Ернар Жұматаев.