Астана жастары президенттік сайлаудың аяқталуын салтанатты түрде атап өтті (ФОТО, ВИДЕО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Мәңгілік Ел» монументі алаңында елорда жастары кезектен тыс президенттік сайлаудың аяқталуын салтанатты түрде атап өтті.
Атап айтқанда, бұл шара барысында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтті. Сонымен қатар онда сахнада орнатылған телеэкран арқылы тікелей эфирмен Демократия институты барлық өңірлерде жалпыұлттық exit-poll нәтижесін жариялады.
Белгілі болғандай, Н.Назарбаевқа 97,5 пайыз сайлаушылар дауыс берді, сонымен қатар Әбілғазы Құсайынов - 0,63 пайыз, Тұрғын Сыздықов - 1,87 пайыз дауыс жинаған.
Сауалнама нәтижесіне жиналған жастар мен қоғам қайраткерлері, танымал спортшылар қошемет көрсетіп, қазақстандықтарды сайлауға қатысқан белсенділігі үшін алғыстарын білдірді. Шара барысында алаңда отшашу мен жастардың флешмобы ұйымдастырылды.
Мұнымен қоса, аталған монумент алаңынан бастап бірыңғай ақ түсті көлік мінген қала жастары Қазақстанның Мемлекеттік Туын көтеріп, автокөлік шеруімен елорда көшелерімен жүріп өтті.