«Астана - жер бетіндегі өмір сүруге ғана емес, кино түсіруге де ең ыңғайлы қала» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 5 шілде. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 5 шілде, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Астана - жер бетіндегі өмір сүруге ғана емес, кино түсіруге де ең ыңғайлы қала» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев XXX Лондон жазғы Олимпия ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерін қабылдады. Салтанатты қабылдаудың соңында Нұрсұлтан Назарбаев еліміз ұлттық құрамасының еліміздің Олимпия ойындарына апаратын Мемлекеттік туын команданың ту ұстаушысы - балуан Нұрмахан Тінәлиевке өз қолымен табыс етті. Осыдан кейін сөз алған Нұрмахан Тінәлиев осынау көрсетіліп отырған зор сенім үшін Елбасына алғыс сезімін жеткізді. Ол Елбасының сенімін, барша елдің сенімін ақтау үшін, көк туымыздың көк жүзінде шарықтап, әнұранымыз әлемге шырқалуы үшін, Қазақстанның күшті және өркендеген мемлекет ретінде даңқын шығару үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайын екендіктерін жеткізді.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында кинорежиссер Егор Кончаловскиймен арадағы сұхбат «Астана - жер бетіндегі өмір сүруге ғана емес, кино түсіруге де ең ыңғайлы қала» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «шығыс шыдамдылыққа үйретеді. Ал батыс мұны қабылдай алмайды. Батыс экспансияға иек артады, шыдамдылық, даналық, өнер  - шығыстықтарға тән қасиет. Қысқасы ХХ ғасырдағы батыс өнері шығыстан нәр алып жатыр. Мен шығыстық дертке тым ерте шалдықтым ба деп қорқамын. Себебі осыған дейінгілер тек қариялыққа бет бұрғанда ғана шығысқа мойын бұрған», - деді.

***

Елбасымыз «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына қарасты ұлттық компаниялардың акцияларының бір бөлігін қарапайым халыққа сату арқылы еліміздегі орташа тапты қалыптастыру жөніндегі ұстанымын жүзеге асыруды тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына былтыр тапсырған болатын. Содан бері бір жылдан астам уақыт өтсе де, тапсырманы орындау мерзімі кешігіп жатыр. Осы жайт арқау болған мақала «Айқын» газетінде «ІРО талабы бұзылмасын» деген тақырыппен берілді. «Соңғы мәліметтерге сенсек, алғашқы ІРО сатылымы қыркүйектен бастау алатын көрінеді.Бұл да көңілге қуаныш орнықтырғандай. Десек те ІРО сатылымын ұйымдастырушылар мен Парламент депутаттарының соңғы кездесулерінен кейін сол қуанышты көңілге қайтадан күдік ұялағандай әсерде қалдық. Себебі бір депутатымыз былай деп шықты: «Акцияларды зейнетақы қорларының табыстылығын көтеру үшін соларға сату дұрыс емес». Әрине, ІРО сатылымы басталған жоқ. Десек те депутаттың әлгі сөзі осы ІРО сатылымын ұйымдастырушылар ойында акциялардың бір бөлігін жинақтаушы зейнетақы қорларына «орналастыру» есебі болған сыңайлы. Бұл енді «ішіп тоймаған жалап тоймайдының» бір көрінісі екені даусыз»,-  деп жазады басылым.

 

Қазір бұрын-соңды естімеген азық-түлік, құрылыс материалдары, тұрмыстық бұйымдар, жиһаздар мен көліктер, тағы басқа заттар көбейіп кетті және олардың өз атаулары бар. Міне, сол қажеттілікті өтеушілердің барлығының арғы жағында өндіруші серіктестіктер мен компаниялар тұр. Олардың біразының аты сіздің құлағыңызға сіңісті, тіпті, жүрек қалауына айналғандары да жеткілікті.Алайда өзіңіз тауарын таңдап алған компания атауының неге байланысты қойылғанын немесе нені білдіретіндігін білесіз бе?  Білгіңіз келсе  «Айқын» газетіндегі «Бізге жұмбақ брендтер» деген тақырыпқа зер салыңыз.

***

Әлемдік аренадағы киножұлдыздардың ішінен өз көрермені бар талантты әртістердің бірі Венсан Кассель  Астана тойына орайлас өткізілген экшн-фильмдер фестивалінің құрметті қонағы ретінде қазақ жеріне қадам басқан болатын. Осы танмал актермен «Нұр Астана» газеті шағын сұхбат жасаған. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген актер. «Экшн-фильмдер фестиваліне шақырту түскенде, не деп жауап берерімді білмедім. Кейіннен Тимурдың есімін есітгеннен соң, «Түнгі шолғыншы» және «Күндізгі шолғыншы» фильмдерін сүйіп көретін көрермен ретінде бұл ұсыныс қызықтырды. Астаналарыңыз ұнады, далалы жерде салынғанымен, болашағы бар», - дейді.

 

«Қазақстанда апатты үйлер Түркия үлгісімен сүрілетін болады», - деп жазады «Литер» газеті. Басылымның атап өтуінше, жобаға сәйкес, салынған үйлердің 30 пайызы сүрілетін үйлердің тұрғындарына беріліп, ал қалған 70 пайызы нарықтық бағамен саудаланады. Осы мақсаттарға 2012-2013 жылдары елордаға 40 млрд. Маңғыстау облысына 2013-2014 жылдарға 10 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, құрылысы былтыр басталған «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газқұбырының құрылысы 2015 жылы толығымен пайдалануға берілмек. Осы жоба өз жолында жатқан Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарына қарасты 523 елді мекенге газ жеткізіп қоймай, Алматы қаласныда «көгілдір отымен» толықтай қамтамасыз етпек.