Астана Жер қатынастары жөніндегі басқармасының мәліметтері бойынша, басты қаламызда жеке тұрғын үй құрылысына рұқсат алу үшін кезекте тұрғандар тізіміне 78 451 азаматтың өтініші тіркелген
АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат - Астана қаласы Жер қатынастары басқармасының мәліметтері бойынша, бүгінгі күнге басты қаламызда жеке тұрғын үй құрылысына рұқсат алу үшін кезекте тұрғандар тізіміне 78 451 азаматтың өтініші тіркелген.
Кезекке тұру есебі Үкіметтің 2006 жылғы тамыздың 1-індегі №726 қаулысымен бекітілген Ереже талаптарына сай және азаматтар өтініштерінің келіп түскен күндері, сондай-ақ оларды Астана қаласы әкімшілігі кеңсесінде тіркелуі бойынша қатаң жүргізіледі, деп хабарлайды Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы А. Аспандиярова.
Баспасөз хатшысы атап көрсеткендей, дүйсенбіде, сәуірдің 19-ында ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігі (ЖРБА) төрағасының орынбасары К. Райымбековтың online-конференцияда «үстіміздегі жылы Астанада жеке үй құрылысы мақсатында алты мыңдай жер учаскесі бөлінетіні» туралы айтқаны шындыққа жатпайды. Баспасөз хатшысы хабарлағандай, бұл ақпарат «қалалық әкімшіліктің тиісті ақпаратын тексерусіз, 2008 жылғы мәліметтерге негізделген».
Осы хабарламада сондай-ақ 2010 жылғы наурыздың 1-індегі жағдайға сәйкес Астана бойынша жеке үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуға 76,5 мың азаматтардың өтініштері тіркелген деп аталады, бұл да - дұрыс емес.
«Алда берілуге тиіс алты мың жер учаскесі және азаматтардың тіркелген өтініштерінің санына қатысты да айтылған ақпарат (online-конференциясы барысындағы - редакция ескертпесі) ақиқат емес және Астана қаласының әкімшілігіне қатысты әдепті емес», - деп атап көрсетті баспасөз хатшысы.