Астана-Жітіқара бағытында пойыз жүретін болды
АСТАНА. ҚазАқпарат – 3 қыркүйектен бастап «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Астана-Жітіқара» жаңа теміржол жолаушылар қатынасын іске қосады. Бұл бағыт Қостанай облысы тұрғындарының өтініштері бойынша ұйымдастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Астана-Жітіқара» бағыты бойынша жүретін вагондар 104 орынға есептелген және күн ара қатынайтын болады.
«Нұрлы жол» вокзалынан тақ күндері сағат 19:40-та жөнелтіліп, «Жітіқара» станциясына жұп күндері сағат 15:56-да жетеді.
Жітіқарадан сағат 18:14-те жұп күндері кері қайтып, тақ күндері елордаға сағат 12:46-да келеді. Пойыз маршруты Көкшетау және Қостанай қалалары арқылы өтетін болады.