Астана жолдарын жөндеуге отандық битум қолданылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жол жабынын төсеуге сапасы жақсартылған отандық битум қолданылады. Бұл туралы бүгін елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслиxатында «Астана қаласының автомобиль жолдары басқармасы» ММ басшысы Асхат Қарағойшин мәлім етті.
«Жол жабынына қажетті битум Ресейден тасымалданбайды. Павлодар қаласында өндірілген түрлендірілген битум қолданылады. Иә, бастапқыда еш қоспасыз битум өндіретін. Ал қазір жаңартылған, түрлендірілген өнімді қолданамыз. Оның сапасы үш жылдан бес жылға дейін шыдайды», - деді Қарағойшин.
Еске сала кетсек, EXPO-2017 халықаралық көрмесіне дайындық барысында Астана қаласындағы жол жөндеу жұмыстарына 5,5 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ, сәуір-мамыр айларында сол жағалаудағы 11 көшеде, оң жағалаудағы 3 көшеде жол жабынын жөндеу жұмыстары жүргізіледі және бірқатар көшелер уақытша жабылады.