Астана жолдарында қатты айдаған автобус жүргізушісін куәлігінен айырмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың автожолында жарыс ұйымдастырып, ұшыртып айдаған №38 бағдардың жолаушылар автобусының жүргізушісі көлік басқару куәлігінен айырылуы мүмкін, деп хабарлады елорданың ІІД әкімшілік полициясы басқармасының баспасөз қызметі.
«№4 автобус паркі» ЖШС иелігіндегі №38 бағдардың автобус жүргізушісіне қатысты апаттық жағдай туғызғаны үшін Астана қаласының ІІД қызметкерлері «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексі 2-бөлімінің 465-бабына сәйкес автокөлік басқару құқығынан 6 айға дейін айыруды көздейтін әкімшілік хаттама толтырды. Материалдар Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық сотына процессуалдық шешім қабылдау үшін жіберілді», - деп атап өтілген ІІД баспасөз баянында.
Автопарк басшылығы 23 жастағы автобус жүргізушісінің әрекетін тәртіптік кеңесте қарамақшы.
Еске сала кетейік, Астанада 4 қыркүйекте сағат 14:25 шамасында №38 бағдардың автобусы Уәлиханов көшесімен қатты жүріп бара жатып, Бараев пен Кенесары көшелері арасында №103 бағыттағы автобусқа апаттық жағдай туғызды. Тежегішті шұғыл іске қосуынан кейбір жолаушылар құлап кетті. ҚазАқпарат тілшісі бұл оқиғаның куәгері болып, сайтқа ақпарат шығарды.