18:34, 14 Қаңтар 2011 | GMT +5
Астана жолдарында төртінші жыл қатарынан жол-көлік оқиғалары азайып келеді
АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Құлшыманов/ - Профилактикалық шаралардың нәтижесінде, елордалық инспекторлар жол-көлік оқиғаларының санын төмендетуге қол жеткізіп отыр.

Астана жолдарында осымен төртінші жыл қатарынан жол-көлік оқиғалары азайып келеді, деп хабарлады қалалық жол полициясы басқармасының баспасөз қызметінен.
Атап айтқанда, егер 2006 жылы 651 жол-көлік оқиғасы тіркелсе және олардың салдарынан 127 адам қаза болып, 830 адам жараланса, 2007 жылы - 506 жол-көлік оқиғасы тіркелген, олардың салдарынан 109 адам көз жұмып, 607 адам жараланған. Ал 2008 жылы - 382 жол оқиғасы орын алып, оларда 81 адам қайтыс болған, 400 адам жараланса, 2009 жылы - 372 жол-көлік оқиғасында 60 адам көз жұмған, тағы 389 адам түрлі жарақат алған.
Ал өткен жылы елорда жолдарында 370 жол оқиғасы болған, оларда 59 адам көз жұмып, 373 адам жараланған.