Астана жұмыспен қамту орталығына жүгінген 3000 адам еңбекке орналасты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Жұмыспен қамту орталығына тіркелген 74,3 пайыз жұмыссыз әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылды. Бұл деректерді ағымдағы жылдан бастап бес айлық нәтиже бойынша Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы келтірді.
Жыл басынан бастап жұмыспен қамту орталығына барлығы 5748 адам жүгінген, олардың 2 858-і жұмыспен қамтылды, оның ішінде 100 адам әлеуметтік жұмысқа және 254 адам жастар практикасына жіберілді. Қоғамдық жұмыстарға мыңға жуық адам тартылды.
Кәсіби дайындық, қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарында 414 адам оқытылуда.
Жұмыспен қамту орталықтарының деректері бойынша, жаңа жұмыс орнын құру мақсатында мемлекет жол құрылысы, әлеуметтік нысандарды жөндеу сияқты қоғамдық жұмыстарды орындайды. Атап өтсек, «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағлдарламасы аясында биыл Астанада балабақша, мектеп, аурухана сияқты 55 әлеуметтік нысан жөндеуден өтті. Барлығы 550 жаңа жұмыс орны құрылады.