Астана жылдың ең үздік медициналық ұйымын анықтады

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада жылдың ең үздік медициналық ұйымы анықталды.

Астана жылдың ең үздік медициналық ұйымын анықтады

Бүгін олар Президенттік мәдениет орталығының концерттік залында «Саламатты Қазақстан - Тәуелсіз Қазақстан» атты мерекелік іс-шарада марапатталды.

Қалалық деңгейде болған байқауға елордадағы «Саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» ұйытқы болды. «Ең үздік медициналық ұйым» аталымына 8 мекеме таласқа түсті. Нәтижесінде №4 қалалық емхана бірінші орынды иеленді. Екінші орынды №5 қалалық емхана алды. Ал үздік үштік қатарын №8 қалалық емхана тәмамдады.

«Байқау барысында емханалардағы халықтың саламатты өмір салтын сақтауға бағытталған қызметі сараланды. Мәселен, медициналық ұйымдардың темекі шегуге қарсы күрес жұмыстары, қарт адамдарға немесе жастарға арналған сауықтыру орталықтарының болуы негізгі өлшем ретінде қаралды», - дейді денсаулық сақтау басқармасының бастығы Дәулетхан Есімов.

Д. Есімовтің айтуынша, аталған байқау жыл сайын өтетін елорданың дәстүрлі шарасына айналмақ.