«Астанабасжоспар» Урбанистика институтына реформаланады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордамызды дамыту бойынша биліктің негізгі жоспарлары жөнінде Астана әкімі Әсет Исекешев «Қаланың ДНК-сы: Қауымдастық. Бизнес. Билік» атты урбан-форумда егжей-тегжейлі әңгімеледі. Қала басшысы алға қойған міндеттер мен мақсаттарға жету үшін елорданы басқару жүйесін үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын атап айтты.
None
None

Әкімнің айтуынша, бас қаланың басқару жүйесін жетілдіру кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Негізінен алғанда, үш басты бағыт анықталған.

«Бірінші бағыт - жоспарлаудың жаңа жүйесін құру. Қазір біз қаланың халықаралық шеберлік-жоспарын дайындап жатырмыз. Бүгінгі күнге дейін посткеңестік кеңістікте негізінен бас жоспарлар ғана жасалды. Алайда, шеберлік-жоспары одан әлдеқайда тиімдірек. Бұл - қаланың даму жоспарын кешенді және көрнекі көрсететін стратегиялық кеңістіктік жоспарлау құжаты. Бұл ретте аталған құжат қалалық қауымдастық пен халықтың белсенді қатысуымен дайындалады. Сондай-ақ, су ресурстары, энергетика, қоғамдық көлікті дамыту бойынша да шеберлік-жоспарлары жасалады. Айтпақшы, біз бұл жұмысқа кірісіп кеттік»,- деді Әсет Исекешев Astana Art Fest фестивалінің аясында өткен «Қаланың ДНК-сы: Қауымдастық. Бизнес. Билік» атты урбан-форумда сөйлеген сөзінде.

Әсет Өрентайұылының пікірінше, мұндай жоспарлардың бизнес үшін маңызы зор. Өйткені, кәсіпкерлер қаланың нақты даму жоспарын көреді. Бұл елордамызда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті белсенді дамытуға, жекеменшік инвестицияларды көбірек тартуға мүмкіндік туғызады.

Қала басшысы жаңа құжаттарды дайындаумен қатар, институционалдық реформалардың да жүргізілетінін хабарлады.

«Бізге қазір қаладағы даму мен жоспарлау институттарын жетілдіру қажет. Осы мақсатта қалалық қызметтер - қала әкімдігі, аудан әкімдіктері, басқармалардың жұмысының тиімділігін арттыратын өзгерістерді қолға алдық. Өткен жылы «Астанабасжоспар» ғылыми институтының құрамында Урбанистика орталығы құрылды. Жалпы алғанда, «Астанабасжопардың» өзі Урбанистика институты болып реформаланады. Осы орталық барлық жаңашылдықтар мен сын-қатерлерді ескере отырып, қаланы дамыту бойынша шешімдер қабылдайды»,- деді Әсет Исекешев.

Сонымен қатар, қала басшылығы Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесе отырып, Қалалық технологиялар құзыреті орталығын ашады. Бұл орталықтың мақсаты - қаладағы құрылыс кластерін дамытуға жаңа технологиялар негізінде барлық ойыншыларды жұмылдыру. Бұл - құрылыстағы толық циклді цифрландыру, құрылыс саласына жаңа жасыл технологияларды енгізу, энергия үнемдейтін жаңа құрылыс материалдарын шығару және зертханалар ашу бағытындағы жұмыстар,- деп түсіндірді Астана әкімі.

«Астана» халықаралық ғылыми кешенінің бәсекеге қабілеттілік орталығының жетекшісі Әнуар Боранбаев урбан-форумда мегаполистердің табысқа жетуіне қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Оның пайымдауынша, екі басты қажеттілікті қанағаттандыратын қаланы қарапайым халықтың қаласы деп атауға болады.

«Қала өзінің қызметін өңірге сатады, өзінің жоғары сапалы қызметін әлемге сатады, өз тұрғындары мен туристерге сатады. Қала дегеніміз - бұл өмір сүру сапасы жақсарған жер. Сол жерде лайықты өмір сүру үшін әркімге табыс табатын мүмкіндік болуы шарт. Егер де осы екі қажеттілік қанағаттандырылатын болса, ол адамдардың қаласы деген сөз. Кез-келген қала ең әуелі өз тұрғындарына жайлы және ыңғайлы болса, ол онда шетелдік туристер үшін де аса тартымды қалаға айналады»,-деді Әнуар Боранбаев.

Соңғы жаңалықтар