Астана–Брюссель: стратегиялық достық және мүдделер тоғысы

АСТАНА. KAZINFORM – Президенттің Брюссельге сапары еуропалық саясат пен экономикадағы Қазақстанның стратегиялық мәртебесін тағы бір айқындағаны анық. Себебі Қасым-Жомарт Тоқаев сапар барысында тек ел көшбасшысы ретінде емес, сонымен қатар Еуропалық одақ пен Орталық Азия арасындағы диалог форматын қалыптастырушы негізгі тұлға ретінде көріне білді. Kazinform-ның аналитикалық шолушысы кәрі құрлықтағы кездесудің жай-жапсарын тарқатты.

Астана — Брюссель: «стратегическая дружба» и синергия интересов
Фото: Akorda

Жаңа көзқарас кезеңі

Президенттің Брюссельге алғашқы ресми сапары 2021 жылғы пандемия кезеңіне тұспа-тұс келгенін білеміз. Сол тұста әлемдік жеткізу тізбегін қайта құру, дағдарыс салдарын еңсеру секілді мәселелер күн тәртібіне шыққан-ды. Бір қарағанда, уақытша олқылық болып көрінген жайт қазір тұрақты сипат алып отыр. Әлем елдері геосаясаттың салқынын сезіп, құбылмалы жағдайда күн кешуде.

Алайда Қазақстанның басты артықшылығы бар, ол – тұрақтылық. Еліміз Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды серіктес саналады әрі ішкі-сыртқы саясаттағы тұрақтылық арқылы сенім деңгейін жоғарылата білдік. Орта держава ретіндегі орнымыз ЕО-ның Орталық Азияға «жылы қабақ танытуына» ықпал етіп келеді.

Әрине, бұған Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатия дағдысының әсері бар. Брюссельдегі келіссөздердің өзінде Мемлекет басшысы Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының озық үлгісін көрсетті. Мысалы, Еуропалық одақ басшылығымен қабылдаған бірлескен мәлімдемеде мүдделер тоғысы сезілсе, инвестициялық және инфрақұрылымдық міндеттемеде прагматикалық ынтымақтастық форматы қылаң берді.

Осы орайда Мемлекет басшысының Еуропалық кеңес президенті Антониу Кошта және Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйенмен жүргізген келіссөзін айта кеткен дұрыс. Бұл басқосу – күрделі халықаралық жағдайда Астананың Еуропаның саяси орталығымен тікелей жұмыс істеп отырғанының белгісі.

Оған қоса Президенттің Антониу Коштамен бейресми, емен-жарқын жүздесуі өзара сенімнің жоғары деңгейін аңғартса керек. Дипломатияда қатаң хаттамадан тыс қарым-қатынас ерекше сенім мен құрметтің ишарасы саналады. Маңызды мәміле де жабық есік ішінде шешілетіні тағы бар. Сондықтан сапар барысында 12 миллиард долларды құрайтын келісімдердің жасалуы дипломатия мен сенімнің нәтижесі екені сөзсіз.

Жалпы екіжақты қарым-қатынас деңгейін қос тарап та жоғары бағалап отыр. Мемлекет басшысы Еуропалық одақ көшбасшылары Антониу Кошта және Урсула фон дер Ляйенмен өткен кездесуде халықаралық байланыстың маңызын айта кетті.

– Өзара сенім мен құрметке негізделген біздің қарым-қатынасымыз шынайы стратегиялық сипатқа ие болды. Мен Брюссельге сан қырлы ынтымақтастығымызды мүдделеріміз тоғысқан барлық салада тереңдету мақсатында келдім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Астана — Брюссель: «стратегическая дружба» и синергия интересов
Фото: Kazinform

Айта кететін жайт, сапар алды Euronews басылымына Президенттің мақаласы жарияланды. Онда Мемлекет басшысы Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңін қалыптастыруға бағытталған негізгі міндеттерді айқындаған болатын.

Мақалада келешек бағдарға қатысты сұраққа негізделген ұсыныс та жеткізілген еді:

– Ынтымақтастығымыздың алғашқы онжылдығына сүйене отырып, экономикалық қатынастарымызды дәстүрлі «шикізат ресурстарының орнына инвестициялар» моделінен әр кезеңде құн қалыптастыратын серіктестікке – терең өңдеу, технологиялар трансфері, ғылыми-зерттеу ынтымақтастығы және бірлескен кәсіпорындар арқылы жаңа деңгейге көтеретін уақыт келген жоқ па? – деген сауал қойды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бельгияға жасалған сапардың қорытындысы Мемлекет басшысы меңзеген өзгеріс уақыты келгенін айқын көрсетті. Мәжіліс депутаты Константин Авершиннің айтуынша, бүгінде көптеген ел Қазақстанды әлі де табиғи ресурс, транзиттік әлеует және географиялық орналасу тұрғысынан бағалайды. Алайда еліміз халықаралық аренада жауапты әрі болжамды серіктес ретіндегі орнын жүйелі түрде нығайтып келеді.

– Оқиғаларға жай ғана үн қататын саясаткерлер бөлек, арыны болжап, болашақты бағамдай алатын мемлекет қайраткерлері басқа. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Euronews басылымындағы мақаласынан келешекке ой жүгіртетін көшбасшыны көрдік. Одақтар әлсіреп, қақтығыстар көбейіп, экономика саясаттың көлеңкесінде қалған кезеңде сенім XXI ғасырдың ең тапшы ресурсына айналуда, – деп атап өтті депутат.

Сапар маңызы қандай?

Жалпы, Брюссель сапары Президенттің Батыс пен Еуразия кеңістігі арасындағы маңызды байланыстырушы тұлға ретіндегі беделін одан әрі күшейтті. Мемлекет басшысының көпвекторлы сыртқы саясатын еуропалық бизнес пен институттар нақты инвестициялық және логистикалық шешімдерге айналдыруда.

Мұның қазіргі кезеңдегі маңызы ерекше. Себебі Еуропа өзінің сыртқы саяси және экономикалық архитектурасын қайта қару кезеңде. Әлемдік экономика және саясатты зерттеу орталығының сарапшысы Аруна Тоқмағамбетованың пікірінше, бүгінгі таңда серіктестерді қайта бағалау, жеткізу тізбегін жаңарту және реттеу талаптарын күшейту үрдісі жүріп жатыр. Осындай жағдайда энергетикалық ынтымақтастықтың стратегиялық маңызы арта түскен.

Астана — Брюссель: «стратегическая дружба» и синергия интересов
Фото: Akorda

Қарағанды университетінің оқытушысы Олжас Темірқұловтың пайымына сүйенсек, сапардың негізгі нәтижесі – Еуропалық кеңестің жаңа басшылығымен жоғары деңгейдегі жеке байланыстар орнату, Қазақстанның шикізаттық емес секторына бельгиялық инвестицияларды тарту болмақ. Сондай-ақ санкция шектеуі бар аймақтарында транзиттік келісімдер мен логистикалық дәліздерді институционалдық тұрғыдан қолдауға қол жеткіземіз.

– Қазақстан мен Еуропалық одақ осы қалыптасқан негізді өңірлік саясаттың маңызды тірегіне айналдыруы мүмкін. Сонымен қатар Қазақстанның сыртқы саясаты ішкі реформалармен тығыз сабақтасып жатыр. Саяси жүйені жаңғырту, Парламенттің рөлін күшейту, мемлекеттік басқарудың есептілігін арттыру және адами капиталды дамыту еліміздің институционалдық негізін нығайтып отыр. Осылайша, Қазақстан халықаралық серіктестерге тек табиғи ресурс пен транзиттік мүмкіндікті ғана емес, сонымен бірге ішкі тұрақтылыққа сүйенген сенімді әріптестік ұсынады, – деп топшылады Олжас Темірқұлов.

Қазақ шаңырағы

Келіссөздерден түйгеніміз, Еуропалық одақ Қазақстандағы негізгі инвестор ретіндегі жетекші рөлін жалғастырмақ. Сонымен қатар, стратегиялық маңызы бар шикізат ресурстары, цифрлық технологиялар және басқа да басым бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті.

Сарапшы Аруна Тоқмағамбетованың пікірінше, Астана үшін Брюссельмен әріптестік – Еуропаның саяси және экономикалық кеңістігіне шығатын стратегиялық мүмкіндік.

– Өйткені, Брюссельде Еуропалық комиссия мен Еуропалық кеңес орналасқан және дәл осы жерде кейін ЕО-ның барлық 27 мемлекеті маңызды шешімдер қабылдайды. Қалада Еуропалық одақтың негізгі институттары, 38 халықаралық ұйым және 30 мыңнан астам еуропалық құрылым қызметкері шоғырланған.

Қазақстанға Бельгиямен тікелей диалог Еуропа саясатына бейімделуге, ұйым шеңберінде өз мүддесін ілгерілетуге жол ашады. Осы арқылы еліміз экономикалық мүддесін жалпыеуропалық деңгейде тиімді қорғай алады деуге негіз бар, – дейді Аруна Тоқмағамбетова.

Сарапшының айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгияға ресми сапары қарсаңында Брюссельдегі Қазақстан дипломатиялық миссиясының аумағында ұлттық киіз үй тігілді. Еуропа саясатының орталығында орналасқан қазақ шаңырағы астында Қазақстанның Еуропалық одақ жанындағы елшісі Роман Василенко мен ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Алешка Симкич екіжақты серіктестіктің жай-күйі мен келешегіне арналған бірлескен подкаст жазды.

Астана — Брюссель: «стратегическая дружба» и синергия интересов
Фото: Akorda

Тәжірибелі дипломат Алешка Симкич Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынасты «стратегиялық достық» деп сипаттаған. Ал мұндай достық тең құқық пен өзара құрмет арқылы ғана қалыптасатыны түсінікті.

Дәстүрлі дипломатия экономикаға айтарлықтай ықпал етуде. Мәселен, серіктестік негізінде Брюссель алаңы Транскаспий халықаралық көлік бағытын еуропалық деңгейде насихаттауға мүмкіндік беріп отыр. Қазақстан Президенті Орта дәлізді тек транзиттік маршрут ретінде емес, толыққанды экономикалық және логистикалық экожүйе ретінде қарастыруды ұсынып келеді.

Бельгия үшін Антверпен–Брюгге порттары Батыс Еуропаның басты қақпасы. Сондықтан Азиядан келетін жүк тасымалының тұрақтылығы ел экономикасы үшін ерекше маңызға ие. Осы тұрғыда Қазақстан Еуропа мен Азияны байланыстыратын негізгі құрлықтық транзиттік торап ретіндегі мәртебесін нығайтуға көшті. Ал бельгиялық компаниялар Құрық және Ақтау порттарын жаңғыртуға қатысып, көлік-логистика саласындағы ынтымақтастыққа серпін беріп отыр.

Сарапшы Аруна Тоқмағамбетованың пікірінше, Брюссель Қазақстанның құрлықаралық логистикадағы көшбасшы рөлін мойындайды және еуропалық бизнес инвестициялық ынтымақтастықты жеделдетуге дайын.

– Маңызды жобалар қатарында «Қазақстан темір жолы» компаниясының еншілес құрылымының Румынияның Мидия портына шығуы, Қара теңізде тірек логистикалық орталық құру, сондай-ақ A.P. Moller – Maersk компаниясымен жаңа контейнерлік тасымал жөніндегі келісімдер бар. Сонымен қатар, логистикалық процестерді цифрландыруға бағытталған меморандумға қол қойылды. Ерекше назар Орта дәлізді Еуропалық одақтың «Global Gateway» бастамасымен ықпалдастыруға аударылып отыр.

Егер Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы Брюссель сапарымен салыстыратын болсақ, қазіргі келіссөздердің мазмұны айтарлықтай өзгергені байқалады. Пандемия кезеңінде күн тәртібі негізінен дағдарысқа бейімделу мәселесіне арналса, бүгінгі таңда тараптар ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлауға басымдық беріп отыр, – дейді спикер.

Айнымас әріптес

Экономикалық тұрғыдан алғанда, Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы байланыс «шикізатқа айырбас инвестиция» моделінен әлдеқайда күрделі әрі жан-жақты әріптестік деңгейіне көтерілді. Бүгінде Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық одақ пен Орталық Азия арасындағы байланысты нығайтушы негізгі тұлғаның бірі ретінде көрініп отыр. Бұл өз кезегінде Каспий өңірінен Қытайға дейінгі көлік және энергетикалық тізбекке ықпал етпек.

– Еуропа атом энергетикасына қатысты ұстанымдарын қайта қарап, оны декарбонизацияның маңызды құралы ретінде бағалай бастады. Осы тұрғыда әлемдегі ең ірі табиғи уран өндіруші Қазақстан Еуропалық одақ үшін сенімді серіктес ретінде танылып отыр. Алайда қазіргі ынтымақтастық тек шикізат жеткізумен шектелмейді. Күн тәртібіне ядролық қауіпсіздік, бірлескен ғылыми зерттеулер және технологиялық өңдеу мәселесі енгізілген, – дейді Олжас Темірқұлов.

Сарапшы сөзінше, Қазақстанның уран саласындағы рөлі сақталғанымен, екіжақты ынтымақтастықтың мазмұны едәуір кеңейіп келеді. Тараптар ядролық қауіпсіздік, ғылыми зерттеулер және жоғары технологиялық өндіріс бағытын дамытуға бейіл.

Астана — Брюссель: «стратегическая дружба» и синергия интересов
Фото: Akorda

Сонымен қатар Еуропаның «жасыл» экономикаға көшуі үшін аса маңызды саналатын литий, кобальт және титан секілді стратегиялық шикізаттарға ерекше көңіл бөлінуде. Фармацевтика мен биотехнология салаларында технология трансфері және өндірістерді жергіліктендіру мәселесі қарастырылып жатыр. Ал Қазақстанның зығыр сияқты аграрлық өнімдерінің Еуропа нарығына шығуы шикізат тәуелділігін азайтып, өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндіктер береді.

Қорыта айтсақ, Президенттің Брюссельге сапары – көлік, энергетика және жоғары технологиялар саласындағы Еуропамен стратегиялық саясаттың заңды жалғасы. Бұл сапар, әсіресе, Еуропалық одақпен технологиялық және логистикалық серіктестікті дамыту, инвестициялық келісімдерді көбейту, Транскаспий халықаралық көлік бағытын кеңейту ісіне түрткі болатын сыңайлы.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы ресми сапармен Брюссельге барды. Бұған дейін Қазақстан мен Еуропалық Одақ маңызды құжаттарға қол қойғанын жаздық.