Астанада 01market ломбард желісі заңсыз несие беріп, 102 млн теңгеден астам табыс тапқан
АСТАНА. KAZINFORM – Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті «01market» ломбардтар желісін ұйымдастырушыға қатысты микрокаржылық қызметпен заңсыз айналысу дерегі бойынша тергеуді аяқтады.
Тергеу мәліметінше, 2021 жылдан бері күдіктінің бақылауындағы «INVEST PRO KZ» ЖШС, «Исмагулов Р.Б.» және «Pro Kz» жеке кәсіпкерліктері комиссиялық сауданы бүркемелеп, тиісті лицензиясыз мүлікті кепілге алып, қарыз беріп келген.
Қызметінің шынайы сипатын жасыру үшін клиенттерге комиссиялық сауда мәмілесі жасалғандай етіп кепіл билеттері рәсімделген.
Қарыз қолма-қол ақшамен беріліп, оның пайызы, мерзімін ұзартқаны үшін алынатын төлемдер мен айыппұлдар аталған кәсіпкерлік субъектілерінің шоттарына түсіп отырған.
– Қарыз 30 күнге беріліп, оған күніне 0,25%-ға дейін сыйақы есептелген. Қарызды уақытында қайтармағандарға қосымша айыппұл салынып, ол төленбеген жағдайда кепілге қойылған мүлік сатылған. Заңсыз қызметтен түскен табыс 102 миллион теңгеден асқан, – делінген агенттік ақпаратында.
Мүлікті тәркілеуді қамтамасыз ету мақсатында соттың санкциясымен екі пәтерге, үш автокөлікке және екі кеңсеге тыйым салынды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданды.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында «Альби» ломбардтар желісінің заңсыз қызметі тоқтатылған болатын. Тергеу мәліметінше, аталған желі лицензиясыз қарыз беру арқылы 146 млн теңгеден астам табыс тапқан. Күдіктінің 21 пәтеріне, 7 автокөлігіне және өзге де мүлкіне тыйым салынды.