Астанада 1 мамыр мерекесіне орай бірқатар мерекелік шаралар ұйымдастырылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы Мәдениет басқармасының хабарлауынша, 1 мамырда қалада түрлі деңгейдегі 200-ден астам шара, соның ішінде 35 ірі мәдени шара өтпек, деп хабарлайды astana.kz.
Қазақстан халқының бірлігі күні аясында елордада «Бәйтерек» монументі, «Студенттік», «Ғашықтар» саябақтарында, қалалық әкімдік алдындағы алаңда, Есіл өзенінің жағалауында және «Жастар» сарайының алдында халықтық серуендер ұйымдастырылады. Аймақтық этномәдени бірлестіктер де өздерінің шығармашылық өнерлерін ортаға салады. Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған басты мерекелік шаралар қатарынан үш алаңда (қалалық әкімдіктің алдындағы алаңда, Ғашықтар саябағында және «Бәйтерек» монументінің жанында) LED-мониторлар арқылы көрсетіледі. Сонымен қатар қала тұрғындары үшін Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында сағат 18:30-да және М.Горький атындағы орыс драма театрында сағат 18:00-де «Жұбайлар жұмбағы» мен «Ханума» атты сахналық қойылымдар көрсетіледі. Сәуірдің 30-нан бастап мамырдың 4-іне дейін С.Сейфуллин атындағы мұражайда «Береке басы - достық» атты көрмесі, ал 2015 жылдың 15 мамырында сағат 19:00-де Конгресс-холлда Астана қаласы әкімдігінің филармониясы «Шалқыма» би ансамблінің «Достық поэзиясы» атты концертін ұйымдастырады. 1 мамыр күні концерттік бағдарлама сағат 11:00-23:00 аралығында өтіп, отшашумен аяқталады. Атап айтқанда, түнгі отшашу Есіл өзенінің жағалауында, «Хан Шатыр» СОО аумағында, «Арман» дүкенінің маңындағы «Жас батыр» стадионында «Music hall» мейрамханасының жанында және Абылай хан даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысындағы гүлзарда атылады.