Астанада 1 мамырда бүкіл субұрқақтар қосылады
«Дәстүр бойынша субұрқақтар 1 мамырда таңертең қосылады. Олар негізінен таңғы сағат 8.00-ден түнгі сағат 00.00 дейін жұмыс істейді. Күндізгі уақытта 2 рет техникалық үзіліс жасалады. Әдетте, сағат 11.00-12.00 және сағат 16.00-17.00», - делінген хабарламада.
Мамандар субұрқақтардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін тұрақты бақылау жасап, профилактикалық және жөндеу жұмыстарын жүргізеді, ал қыста субұрқақтардың бәрі тоқтатылып қойылады. Субұрқақтар тоқтатылған кезде су толығымен сорып алынады, сыртқы жабдықтары, қондырмалары бөлшектеледі, су қоймаларының жабындары қар мен мұздан тазартылады, жерасты техникалық орынжайларға жылытқыш құралдар орнатылады. Көктем шыққанда қар еріген соң субұрқақтарды іске қосу бойынша жұмыстар қолға алынады. Бүкіл қондырғылар орнатылады, жөндеу, сынау жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетейік, «Астана-Зеленстрой» АҚ 36 қалалық субұрқақ кешеніне қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, суға химиялық реактивтер қосып, субұрқақ ыдысына санитарлық-гигиеналық тазалау жүргізеді, технологиялық және электр жабдықтарына техникалық қызмет көрсетеді. Қазіргі уақытта елордада 120 субұрқақтан тұратын 36 субұрқақ кешені бар.
Астана субұрқақтары қаланың қайталанбас көркі болып табылады, олардың дизайны әр алуан және заманауи қондырғылармен жабдықталған. Қазіргі заманғы субұрқақтар суреттердің қозғалысы мен өзгеруін, жарықты, музыканы реттейтін бағдарламалық қамтудың көмегімен жұмыс істейді. Кез-келген субұрқақ сорғылар арқылы суға қысым бере отырып, іске қосылады.