Астанада 1-сыныпқа баратын балалар үшін даярлық курсы өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласының мемлекеттік мектептері биыл 1-сыныпқа баратын бүлдіршіндері үшін 1-25 тамыз аралығында «Балақайлар мектебі» қысқамерзімді даярлық курсын өткізеді. ҚазАқпарат бұл туралы Білім басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Астана қаласының Әдістемелік орталығы ұлттық құндылықтарға негізделген «Балақайлар мектебі» мектепалды даярлықтың қысқа мерзімді курстарын ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар» мен оқу жоспарын әзірлеп, білім беру ұйымдарына әдістемелік қолдау көрсетті. Орталық әдіскерлері «Балақайлар мектебі» педагогтеріне курстарды жүргізу әдістемесі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады», - делінген хабарламада.
Еске салайық, баланы 1-сыныпқа қабылдау туралы өтініш 1 тамызға дейін қабылданады. 15 маусымдағы жағдай бойынша ел өңірлерінде 250 мың ата-анадан өтініш қабылданған.