Астанада 1-сыныпқа барушылардың көптігінен 3 жаңа мектеп салынғалы жатыр
«Биылғы оқу жылында Астанада бірінші сыныпқа баратын оқушылардың саны рекордтық көрсеткішке жетті - 17 мың бүлдіршін. Оның 9 мыңы біздің ауданға тиесілі. Қала аумағымен алғанда, бұл жалпы көрсеткіштің жартысынан көп. Статистиканы ескере отырып, Астана әкімі Әсет Исекешев біздің ауданда 4 мектеп салу туралы тапсырма берді. Оның біреуі осы күннің өзінде пайдалануға беріліп қойған», - деп жазды Фейсбуктегі парақшасында Арман Тұрлыбек.
Оның айтуынша, аудандағы Қарталы және Оқжетпес, Абай мен Күмісбеков, Оқжетпес пен Бөкеев көшелерінің қиылысында әрқайсысы 1200 орындық 3 мектеп салынады. Жаңа мектептерді пайдалануға беру 2018 жылға жоспарланған.
«Көкталда біз 375 орындық коррекциялық мектеп-интернатты пайдалануға бердік. Қазір жалпы «Сарыарқа» ауданында 34 мектеп бар. Қала бойынша 95 мектеп бар», - деп жазды әкім.
Еске сала кетейік, 20 ақпан күні халықпен есептік кездесу барысында Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қалада білім алушылар орнының тапшылығы мәселесі шешігелі жатқанын айтқан еді.