Астанада 10 айда 3254 адам жұмыспен қамтылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылдың 10 айында Астанада 4095 адам «Жұмыспен қамту жол картасы -2020» бағдарламасына қатысу мәселелері бойынша Жұмыспен қамту орталығына жүгінген. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарлама аясында 3254 адам жұмыспен қамтылды, 563-і кәсіби даярлауға жіберілді. Бұл туралы «Астана қаласының Жұмыспен қамту орталығы» МКК-ынан хабарлады, делінген елорда әкімдігінің ресми сайтында.
Таратылған мәліметтерге сәйкес, үстіміздегі жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша бағдарламаға қатысқандардың ішінен 3254-і жұмысқа орналасты. Бұдан басқа, 10 айдың ішінде 563 адам кәсіби оқытумен қамтылды, соның ішінде 329 қатысушы оқуын тәмамдады. Бағдарлама аясында 505 адам жастар іс-тәжірибесінен өтуге жіберілді. Бағдарламаның бірінші бағыты «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» аясында 33 жоба жүзеге асырылмақ, соның ішінде 14 білім нысаны, 3 әлеуметтік қамтамасыз ету нысаны, 2 мәдени нысан күрделі жөндеуді қажет етеді. 9 білім нысанын, 1 әлеуметтік қамтамасыз ету нысанын абаттандыру, 4 инженерлік-көлік инфрақұрылымын жөндеу жоспарланған. Осы бағытты жүзеге асыру арқылы барлық жобалар бойынша 1125 жұмыс орны құрылады.