Астанада 10 бала терезеден құлап, екеуі қаза тапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2013 жылы Астанада кішкентай балалар терезеден құлаған 10 оқиға тіркелген. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасай отырып, хабарлайды.
«2013 жылы Астанада 10 бала биіктіктен құлап, екеуі көз жұмды. Мұндай оқыс оқиғаларға көбінесе пәтерде ата-анасының қарауынсыз қалған 3-5 жас аралығындағы сәбилер ұшырайды», - делінген хабарламада.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, қайғылы жағдайлардың орын алуына басты себеп - пәтерлерге орнатылып жатқан пластик терезелердің москит торларының тұрақсыздығы мен баласын қараусыз қалдырған ата-аналардың немқұрайлығы.
Осыған орай, елордалық құтқарушылар «Қаладағы көпқабатты ғимараттарда пластик терезелерді пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Оған аудандық әкімдіктердің, прокуратураның, ІІБ, Білім басқармасының өкілдері мен пластик терезелерді орнатумен айналысатын мамандар шақырылды. Отырыс барысында құтқарушылар қала тұрғындарына кішкентай балалары бар пәтерлердің терезелерін ашық қалдырмау, терезеге тиісті москит торларын орнату керектігін ескертіп, ересектеу балаларды өзінен кішілерге қарауға үйрету туралы кеңестер берді. Сонымен қатар, құтқарушы қызметкерлер баланың қауіпсіздігі үшін терезенің алдына жиһаз қоймау, күннен қорғайтын жалюзилерде, рулон перделерде салбыраған баулар болмауы керектігін де айтты.