Астанада 100-ге жуық коммуналдық қызметкер Әнұранды бірге орындады

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік рәміздер күніне орай Астанадағы «Бәйтерек» монументі алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын салтанатты түрде орындау рәсімі өтті.

Астанада 100-ге жуық коммуналдық қызметкер Әнұранды бірге орындады
Фото: Астана Тазалық

Патриоттық іс-шараға «Астана Тазалық» қалалық мекемесінің 100-ге жуық қызметкері қатысып, Мемлекеттік Әнұранды бірге орындады.

Бүгінде кәсіпорында 1500-ден астам адам еңбек етеді. Мекеменің негізгі міндеті — елорданың санитарлық тазалығын қамтамасыз етіп, қаланың көркеюіне әрі тұрғындарға жайлы болуына үлес қосу.

— Біздің мекемеде 1500-ден астам адам қызмет етеді. Олардың бір бөлігі бүгінгі іс-шараға қатысты. Бұл біз үшін патриоттық рухты нығайтуға, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға және ел бірлігін дәріптеуге өз үлесімізді қосу мүмкіндігі, — деп атап өтті «Астана Тазалық» ЖШС баспасөз хатшысы Қымбат Бақыткелді.

Іс-шараның мақсаты — патриоттық рухты нығайту, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру және қоғамда азаматтық жауапкершілік құндылықтарын дәріптеу.

«Таза сана — таза қала» қағидатын басшылыққа алған кәсіпорын қызметкерлері қала тазалығын сақтаумен қатар, елге деген құрмет пен бірлік құндылықтарын насихаттауға да ерекше мән береді.

— Біз үшін бүгінгі шараның маңызы зор. Мемлекеттік Гимнді бірге орындау — елімізге, мемлекеттік рәміздерімізге деген құрметтің белгісі. «Астана Тазалық» қызметкерлері күн сайын қаланың тазалығы үшін еңбек етеді. Осындай патриоттық іс-шараларға қатысу — біз үшін үлкен мақтаныш. Барша қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын!, — деді «Астана Тазалық» ЖШС қолмен жинау бридагасының шебері, 6 жылдан аса еңбек ететін қызметкер Айгерім Шілімбетова.

Іс-шара соңында «Астана Тазалық» ұжымы барша қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.

Бұған дейін елордада жұмысшы мамандықтар байқауында «Астана Тазалық» көш бастағанын жаздық.