Астанада 1000-ға жуық адам наркологиялық есепте тұр
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Төлеуова елордада наркологиялық есепте тұрған адамдардың ресми статистикасын атады.

- Бүгінгі таңда елордада психиатр-наркологтың бақылауындағы 908 адам психикалық белсенді заттарды тұтыну салдарынан психикалық денсаулығына ақау түскен жан ретінде динамикалық есепте тұр. Оның ішінде 146 әйел, 3 жасөспірім бар. Ағымдағы кезеңде синтетикалық есірткі қолданатын тағы 18 адам тіркелді. Бұл былтырғыдан 28,6 пайыз көп. 122 адам стационарларда ерікті ем алды. Оның 24 пайызы медициналық-әлеуметтік оңалтудан өтті, - деді ол өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, басқарма өкілі есірткінің кейбір түрін адам 1-2 рет тұтынғаннан кейін-ақ тәуелді болып қалатынын ескертті.
- Өкінішке қарай, кейінгі жылдары есірткіге тәуелділік көрсеткіштері ушығып келеді. Бүгін Астанада есірткіге қарсы айлық басталғанын жариялаймыз. Қала тұрғындарының бәрін іс-шараға белсенді қатысуға шақырамыз. Келер ұрпақтың денсаулығын біріккенде ғана есірткіден қорғап қаламыз, - деді Айнұр Төлеуова.
Бұған дейін Атырауда 37 жастағы тұрғын 1 келіден астам синтетикалық есірткімен ұсталған болатын.