Астанада 11 сынып оқушыларының арасында өткен Президенттік олимпиаданың жүлдегерлері марапатталды
АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - 12 желтоқсанда «Назарбаев Университетінде» Қазақстан мектептерінің 11 сынып оқушыларының арасында математика, физика, химия және биология пәндері бойынша өткен Президенттік олимпиаданың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды.
Олимпиаданың финалдық кезеңі 10-12 желтоқсанда «Назарбаев Университетінде» өтті. Марапаттау рәсіміне Білім және ғылым вице-министрі Махметғали Сарыбеков, «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Ділдәш Битуова, Университет әкімшілігінің өкілдері және олимпиаданың қазылар алқасының мүшелері қатысты.
Математика пәні бойынша - астаналық Рауан Рахмет, физика пәні бойынша - жамбылдық Жасұлан Бараисов, химия бойынша - астаналық Мирас Бекбергенов, биология пәні бойынша - солтүстікқазақстандық Жасұлан Шайхығали І дәрежелі диплом мен алтын медаль жеңіп алды.
Ал ІІ дәрежелі диплом мен күміс медальды: математика бойынша - павлодарлық Қайролла Жақыпов, физика бойынша - ақтөбелік Сергей Бланк, химия бойынша - жамбылдық Нұрбек Серік, биология бойынша - астаналық Алтынай Нарманова иеленді.
ІІІ дәрежелі диплом мен қола медальды: математика пәні бойынша - павлодарлық Сергей Дробах. Физика пәні бойынша - алматылық Тайман Сабырғалиев пен Дархан Нұрлыбаев, химия бойынша - жамбылдық Ернұр Төлеп, биология бойынша - жамбылдық Ернар Тұрсынбай қанжығалады.
Президенттік олимпиаданың ережесі бойынша, І дәрежелі дипломмен марапатталған жеңімпаздар «Болашақ» халықаралық стипендиясы үшін өтетін конкурста басымдыққа ие болады. Ал ІІ және ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталған жүлдегерлер - Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқуға түсуге құқық беретін білім гранттарын тағайындау конкурсында басымдыққа ие болады.