Астанада 12 мың жас жұмыссыз жүр

Астанада 12 мың жас жұмыссыз жүр
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform агенттігі

Елордада жастар арасында жұмыссыздық көрсеткіші төмендеген, соған қарамастан 12 мың жас жұмыссыз жүр, деп хабарлайды Kazinform агенттігі. 

«Астана қаласының статистика департаментінің мәліметінше, елордада 14-35 жас аралығында 440 мыңнан астам жас бар. Еңбекке қабілетті жастар саны – 298 мың, оның ішінде жұмыс істейтіндер 286 мың, жұмыссыз – 12 мың жас азамат. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі былтырғы осы кезбен салыстырғанда 0,6% төмендеді», - деді Астана қаласы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жастарды жұмыспен қамту мәселесі өзекті.

«Бұл бағытта әкімдікпен бірнеше бағдарлама іске асырылып жатыр. Мысалы, жастарға арналған «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» тағы сол сияқты. Одан бөлек, әр тоқсан сайын жастарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өткізіледі. Осы уақытқа дейін «Жастар» сарайында, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Есіл университетінде өткізілді. Келесі бос орындар жәрмеңкесі қазан айының 24-не жоспарланған», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар