Астанада 13 мыңға жуық жасөспірім қызға папиллома вирусына қарсы вакцина салына бастады

екпе
Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада адам папилломавирусына (АПВ) қарсы вакцинация науқаны басталды. Бұл шара қыздардың денсаулығын қатерлі ісіктің ең қауіпті түрлерінің бірінен қорғауға бағытталған.

Бүгінгі таңда қалада вакцинаның 12 мыңнан астам дозасы бар. Жоспарлы тәртіппен вакцинация қала бойынша барлығы 13 мыңға жуық 11 жасар қыздарға жасалады. Сондай-ақ 12 -13 жас аралығындағы қыздарға толықтыра иммундау қарастырылған.

Вакцинация мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналардың немесе заңды өкілдердің ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Ата-аналардың қалауы бойынша вакцинация тіркелген жері бойынша емханаларда да жүргізілуі мүмкін.

«Мен вакцина туралы медбикеден алған буклеттен оқыдым. Содан кейін анамнан сұрадым, ол келісті. Бүгін вакцина алдым, ауырған жоқ, қорықпадым. Қазір өзімді жақсы сезінемін», — деді № 75 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Адель Уагизова.

АПВ вакцинасы өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін халықаралық деңгейде дәлелдеді. Бүгінгі таңда бұл вакцина әлемнің 135 елінде қолданылады, соның арқасында бірқатар елдерде әйелдер арасында АПВ таралуы бүгінгі күні 90%-ға төмендеді.

«11 жастан бастап қыздарға АПВ-на қарсы вакцина салу — өскелең ұрпақтың болашақ денсаулығын қорғаудағы маңызды қадам. Біздің мақсатымыз — барынша қорғанысты қамтамасыз ету және халық арасында сырқаттанушылықты азайту. Біз ата-аналарды балаларын қауіпті аурулардан сақтау үшін осы мүмкіндікті пайдалануға шақырамыз», — деп атап өтті елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова.

Соңғы жаңалықтар
telegram