Астанада 13 тұрғын үйдің орнына мектеп пен балабақшалар салынатын болды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Астана әкімі Жеңіс Қасымбек «Menin Elim Dala» қоғамдық бірлестігінің бастамашыл топтарымен кездесіп, нығыздалған құрылыс мәселесін талқылады. ҚазАқпарат бұл туралы елорда әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесу барысында тұрғын үй кешенінің орнына әлеуметтік нысан тұрғызу, үйлердің қабатын азайту, Талдыкөл мәселесі және өзге де түйіткілдер көтерілді.
Қалада нығыздалған құрылыс бойынша 18 негізгі проблемалы объекті бар. 13 нысанға қатысты мәселе тұрғындардың өтініш-тілегінің пайдасына шешілді. Яғни тұрғын үй кешенінің орнына мектептер, медицина орталықтары, балабақшалар, қоғамдық кеңістіктер салынатын болды. Қалған 5 нысан бойынша сот және келіссөздер процесі жүріп жатыр.
Мысалы, Байтұрсынов көшесі, 7 («Хайвил» ТК) мекенжайында орналасқан жер учаскесінде көппәтерлі тұрғын үй кешенінің орнына мектеп салынады. Сондай-ақ мектеп тапшылығын азайту мақсатында Қошқарбаев даңғылы мен Ақыртас көшесі ауданында, яғни «Хайвил» тұрғын үй кешеніне қарсы бетте тағы бір жалпы білім беретін мектеп бой көтереді.
Күмісбеков көшесі, 9/2 үйінің жанында 21 қабатты үй мен паркингтің орнына гүлзар салынатын болып шешілді.
Бұдан бөлек, «Sport Towers» ТК тұрғындарының өтініші бойынша екі мектеп («Alpamys» ТК мен «Alau» ТК арасында және «Барыс-Арена» мұз айдынынан оңтүстік бағытта) құрылысы жүргізіледі.
Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берілді, оның ішінде құжаттарды нормаларға сәйкес келтіру, «Menin Elim Dala» ҚБ жауаптарын ұсыну және тағы басқасы.