Астанада 13 жасар баланы өлтірген күдіктілер ұсталды

АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 16 қазанында Астана қаласының ІІД-іне 1998 жылы туған баласының жоғалғаны туралы Астана қаласының тұрғыны шағымданған болатын.

     Астанада 13 жасар баланы өлтірген күдіктілер ұсталды

Баланы іздеуге барлық елордалық сақшылар жұмылдырылды. 20 қазанда құдықтан денесіне зорлық-зомбылық көрсетілген баланың мәйіті табылған. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес бала механикалық асфиксия нәтижесінде қаза болған, деп хабарлады Астана қаласы ІІД-нің баспасөз қызметі.

Осы факті ішкі істер органдарының жеке құрамына жеткізілді. Осы қылмысты тергеу Астана қаласы ішкі істер департаменті басшылығының жеке бақылауында тұр. Тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Тергеу барысында қызметкерлер осы оқиғаның бірнеше нұсқаларын келтіріп, жан-жақты зерделеді. Жеке басын анықтау мақсатында жедел қызметкерлер көптеген адамдардан жауап алды. Жүргізілген шаралардың нәтижесінде полиция қызметкерлері сол ауданда көп жүретін тұрақты мекенжайы жоқ адамдардың бұл қылмысты жасауы мүмкін деген болжамға келеді.

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер Ақмола облысында туған екі азаматты ұстайды. Олар - 1987 және 1989 жылы туған тұрақты мекенжайлары жоқ адамдар. Олардың біреуі бұрын сотталған. Жауап алу барысында ұсталған тұлғалар бұзақылық жасап Е. есімді баланы өлтіргендерін мойындайды.

Осы факті бойынша ҚР ҚК 96-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандар Астана қ. ІІД уақытша оқшаулау абақтысына қамауға алынды. Тергеу жүргізілуде.