Астанада 14 жасқа дейінгі балалар арасында коронавирус жұқтыру үш есеге артты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен Нұр-Сұлтанда коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанада 14 жасқа дейінгі балалар арасында коронавирус жұқтыру үш есеге артты

Елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлім еткендей, Нұр-Сұлтанда CОVІD-19 бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Қала эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасында бір айдан астам уақыт «қызыл« аймақта тұр.
«Күніне 350-ден 650-ге дейін жағдай тіркеледі. Соңғы аптада сырқаттанушылық көрсеткіші алдыңғы аптадан 9,7% жоғары, 100 мың тұрғынға шаққандағы қарқынды көрсеткіш 320,43 құрады. Репродуктивті саны — 1,021. Жыл басынан бері қаламызда науқастар саны 22 мыңнан асты, ал пандемия басталғаннан бері 41 214 жағдай тіркелді: 26 888 — симптомдық және 14 326 — асимптомдық. Өткен бір тәулікте 574 жаңа жағдай тіркелді (406 симптомдық, 168 симптомсыз)», — деп түсіндірді елорда санитарлық дәрігері.
Жас құрылымы бойынша: науқастардың ең жоғары көрсеткіші ересектер арасында тіркеледі, олар КВИ-мен ауырғандардың 79,9% құрайды, балалар 17,3%, жасөспірімдер 2,8% құрайды. Сәуір айында наурыз айымен салыстырғанда егде жастағы адамдар арасында коронавирус жұқтыру жағдайларының 2,2% артты.
«14 жасқа дейінгі балалар арасында науқастар саны үш есе өскені байқалады. Қаңтарда – 571, ақпанда – 479, наурызда – 1106, сәуірде – 1790. Айтарлығы, инфекция жұқтыру балалардың барлық жас топтарында байқалады. Бұл ретте сәуір айында жалпы сырқаттанушылық көрсеткіші бойынша балалар үлесі 0,8% азайды. Бұл, әсіресе 7-10 жас аралығындағы (5,1%-дан 4,3%-ға дейін төмендеді), 11-14 жастағы (4,5%-дан 4,3%-ға дейін төмендеді) мектеп оқушыларына қатысты қабылданған шектеу іс-шараларының тиімділігін көрсетеді», — деп атап өтті Сархат Бейсенова.