Астанада 17 жасар колледж студенті 4 жасар қыздың өміріне балта шапқан - ІІМ
АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Полицейлер Астанада 4 жасар қызды зорлап, кейін өміріне де балта шапқан 17 жасар колледж студентін ұстады.
Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ-де өткен брифинг барысында ведомствоның Мемлекеттік тіл саясат және ақпарат департаменті бастығының орынбасары Қаламқас Темірова мәлім етті.
Оқиға қаланың Сарыарқа ауданындағы бір пәтерде орын алған. Қылмыс жасалған күні анасы қыз баланы танысына тастап кеткен. Күдікті кішкентай қызбен жеке қалғанын пайдаланып, жыныстық сипаттағы зорлық әрекеттерін жасаған. Қылмыстың ізін жасыру мақсатында ол жәбірленушінің басынан бірнеше рет соққы жасаған.
Қ. Темірованың айтуынша, келтірілген ауыр зақымнан кішкентай қыз сол жерде көз жұмған.
«Сот-медициналық сараптамасының қорытындысы бойынша 4 жастағы қыз бала жабық ми жарақатынан мерт болғаны анықталды. Жедел-іздестіру іс-шаралар кешенін жүргізудің нәтижесінде Астана қаласы колледждерінің бірінде оқитын 17 жастағы 1-курс студенті ұсталды»,-дейді ол.
Қазіргі уақытта күдікті қамалды. Зорлық жасап, адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.