Астанада 195 көшеге жаңа атаулар берілді

деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ономастика комиссиясы қазақ халқының дара тұлғалары мен қазақтың тарихы мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалар Сырым батыр, Исатай батыр, Мұхамеджан Сералин, Хайретдин Болғанбаев, Үшкүлтай Субханбердина, Нұрхан Ахметбеков, Үмбетей, Доспамбет, Ақтамберді жырау, Шортанбай, Сүйінбай ақын, Латиф Хамиди, Василий Радлов, Борис Ерзакович, Бекзат Саттарханов есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында көшелерге сол кісілердің есімдерін беру туралы шешім қабылдады», - деді мәслихат сессиясында Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазы.
Ономастикалық комиссияға «Интернациональный», «Оңтүстік-Шығыс», «Күйгенжар», «Мичурин», «Ақбұлақ-1, 2, 3, 4», «Саяжай», «Тельман», Оңтүстік Шығыстың оң жағында орналасқан «Қараөткел» қазақ ауылы, «Ильинка», «Шұбар», «Көктал» тұрғын алаптарына, «Қараөткел», «Үркер», шағын аудандарының жекелеген көшелеріне атау беру мәселесі бойынша ұсыныстар мен өтініштер келіп түсті. Осы уақытқа дейін олар жобалық атаулармен аталып келгендіктен, нысанды жекеменшікке ресімдеген кезде, түрлі қызметтерді шақыру кезінде және т.б. қиындықтар тудыратын.
Көшеге атау беру және көшені қайта атау үшін тарихи-географиялық және тарихи-мәдени атаулар - Бегазы-Дәндібай, Тоқырауын, Тесіктас, Созақ, Байырқұм, Ақсүмбе, Сарыкеңгір, Талды, Тайқазан; дәстүрлі халық ұғымдары Аманат, Шашу, Алтыбақан, Бәсіре, Базарлық, Бастаңғы; қазақ халқының музыкалық мәдени қазынасы мен байланысты атаулар - атақты күйлер Майдақоңыр, Бозінген, Көкіл, Шалқыма, Дарабоз атаулары таңдап алынды.
Мәслихатта, сондай-ақ екі көшені қайта атау шешімі қабылданды: Ломоносов көшесі еліміздің бас газеті «Егемен Казақстан» атауын иемденсе, ал Үштөбе көшесі атақты қазақ ақыны, ойшыл, ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының атымен аталатын болады.
Мұнан өзге, мәслихат депутаттары ономастикалық комиссияның көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Қайреден Қарбайұлы Қарбаевқа өзі тұрған Астана қаласы Ә. Бөкейхан көшесіндегі 30-үйге мемориалдық тақта орнату, қаламгер-ғалым Ақселеу Сланұлы Сейдімбекке өзі тұрған Астана қаласы К. Күмісбеков көшесіндегі 6-үйге мемориалдық тақта орнату туралы ұсынысын мақұлдады.
Мұнымен қоса, Астана қаласындағы № 52 мектеп-гимназиясына Батыр Баянның, № 54 мектеп-гимназиясына белгілі қоғам қайраткері Ақселеу Сейдімбектің, Астана қаласындағы № 58 мектепке Кенесары Қасымұлының, Астана қаласындағы балалар өнер мектебіне Нағымбек Жемаләддинұлы Нұрмұхамедовтың есімдерін беру туралы ұсынысы сессия мәслихатында бекітілді.