Астанада 2 автобус соқтығысып, оқушылар зардап шекті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада бүгін Сарыарқа және Сейфуллин көшелерінің қиылысында №102 және №46 автобустары соқтығысып, бойжеткен мен төрт оқушы зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұдан бұрын әлеуметтік желіде Астанада автобустардың қатысуымен жол-көлік оқиғасына куә болған адамның видеожазасы жарияланған еді. «Астана LRT» ЖШС баспасөз қызметі аталған жол-көлік оқиғасының бүгін тіркелгенін растады.
«Оқиғаға кінәлі - №102 автобустың жүргізушісі. Ол қаптал тұрғысынан аралықты сақтамауының себебінен №46 автобуспен соқтығысқан. Аталған оқиға бойынша №102 автобустың жүргізушісіне қатысты хаттама толтырды. Жүргізуші процессуалдық шешім қабылдағанша жұмыстан шеттетілді. Кейін ол «Қара тізімге» енетін болады. Бұл дегеніңіз ол алдағы уақытта қоғамдық көлік саласында жұмыс істей алмайтынын білдіреді», - деп хабарлады «Астана LRT» ЖШС-дан.
Компанияның хабарлауынша, процессуалдық шешім шыққанша №46 автобустың да жүргізушісі жұмыстан шеттетілген.
Автобуспен болған жол апатынан бір бойжеткен мен төрт оқушының зардап шеккені белгілі болды.
«Балалар №2 қалалық ауруханаға жеңіл жарақатпен жеткізілді. Ол жерде балаларды нейрохирург пен травматолог қарады. Стационарға жатқызу қажеттілігі туындаған жоқ. Сондықтан балалар травмотологтың бақылауымен тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық емделуге жіберілді. Бойжеткенді дәрігерлер қарағаннан кейін, үйіне жіберді», - деп хабарлады Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.