Астанада 2 миллион тоннаға жуық көкөніс өнімін беретін жаңа жылыжай жұмыс істей бастады
АСТАНА. 20 ақпан. ҚазАқпарат - Астанада 2 миллион тоннаға жуық көкөніс өнімін беретін жаңа жылыжай жұмыс істей бастады.
Бүгін аталмыш нысанды қала әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков аралап көрді. Жылыжайдың инвестициялық құны 1,7 млрд. теңгені құрайды. Жоба «ҚазАгроҚаржы» АҚ-мен қаржыландырылды. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 450 млн. теңгеге оның сырқы желілерінің құрылысы несиелендірілді.
«Жылыжай көлемі 3 гектар. Оның 1,5 гектарына қызанақ, екінші бөлігіне қияр өсіреміз деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта екпе көшеттері дайын тұр, ертеңнен бастап олар субстрактқа отырғызылады. Сосын қазанақ 2 айдан кейін өнім бере бастайды, ал қияр одан да ерте жетіледі. Сәуірдің орта тұсында біздің өнім елорда дүкендерінің сөрелерінде тұрады деп болжануда», - дейді «АстанаЭкоСтандарт» ЖШС-нің директоры Жеңіс Досмағамбетов.
Оның айтуынша, жылыжай жылына 9 ай бойы өнім береді. Жылдық қуаттылығы 1,900 мың тонна көкөніс. Бұл - қала тұрғындарына күніне 6-7 тонна өнім береді деген сөз. Жылыжай Израильдің тамшылап суару технологияларымен жабдықталған.