Астанада 20-дан астам жұмыс беруші Өнеркәсіптік аймақ тұрғындарына бос жұмыс орындарын ұсынды
АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Өнеркәсіптік аймақ ауданында бос орындар жәрмеңкесі өтті.
Оған 26 кәсіпорын мен жұмыс беруші қатысып, Астананың осы аумағының тұрғындарына жұмыс табуға көмектесті. Бұл туралы astana.kz сайты хабарлады.
«Бүгін өнеркәсіптік кәсіпорындардан жұмыс іздеген халықты қамту үшін аталған ауданда жәрмеңке өткізіп жатырмыз. Біз еңбек нарығындағы қажеттіліктерді зерттеп, халықтың сұранысын қанағаттандыруға тырыстық. Алдағы уақытта Комсомольский кентінде, Шанхай және Орталық базар аудандарында да осындай жәрмеңке өткізу жоспарланған», - деді Астана қаласының Жұмыспен қамту орталығының директоры Қайрат Жақыпов.
Сайттың хабарлауынша, бос орындар жәрмеңкесі сегізінші рет өткізілді. Оның негізгі міндеттері - азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, оларға әлеуметтік қорғау шаралары туралы, сондай- ақ еңбек нарығындағы ахуал жөнінде ақпараттар ұсыну болып табылады.