Астанада 200-ге жуық адам өндірістік нысандарда қауіпсіздік нормаларын бұзғаны үшін жазаланды
АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - 2013 жылы елордада 4 мыңға жуық қауіпті өндірістік нысан тексеріліп, бірқатар қауіпсіздік ережелері мен нормаларын бұзу оқиғалары тіркелді.
Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық ТЖД хабарлады.
«2013 жылы тәуекелдердің дәрежесіне сәйкес 196 кәсіпорында 3718 қауіпті өндірістік нысан тексеріліп, 2316 ережелер мен қауіпсіздік нормаларын бұзу оқиғасы анықталып, оларды жою бойынша ұйғарымдар берілді. Бұзушылық жойылғанша 12 нысанның жұмысы тоқтатылды. 189 адам жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлады қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мейрам Ысқақов.
Ведомствоның хабарлауынша, Астана қаласы гарнизонында күрделі өрттерді сөндіру барысында сапалы жұмысты қамтамасыз ету үшін адамдар көптеп жиналатын, сондай-ақ, күрделі конструктивті жобаланған нысандарға арналған өрт сөндірудің 584 жедел жоспары мен 533 жедел карточкасы бар.
Бұдан басқа, шақырудың жоғары дәрежесінде өрттер мен басқа да төтенше жағдайлар кезінде әрекет етуге дайындықты арттыру мақсатында өмірді қамту және адамдар көптеп жиналатын нысандарда 14 жоспарлы және 4 жоспардан тыс жалпы гарнизондық өрт сөндіру - тактикалық жаттығулар ұйымдастырылды, соның ішінде екі жағдайда тікұшақ тартылды.