Астанада 2005-2007 және 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысушыларға баспаналар үлестірілді
АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Астанада 2005-2007 және 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысушылар арасында баспаналар үлестірілді. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.
«Ағымдағы жылдың күзінде 2005-2007 және 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының 1 168 қатысушысы сарыла күткен пәтерлеріне кіретін болады. Тұрғын үй комиссиясының отырысында Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша салынып, жаңадан тапсырылған үйлерден пәтерлер бөлінді», - делінген Астана әкімдігінің таратқан хабарламасында.
Атап айтқанда, 2005-2007 жылдарға арналған Мемтұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың арасында Оңтүстік-Шығыс шағын ауданындағы тұрғын үйдің 1-ші және 2-ші кезегінен барлығы 194 пәтер бөлінді.
Ал 2008-2010 жылдарғы Мемлекеттік бағдарламаның 974 қатысушысы баспаналарды Тілендиев даңғылының оңтүстік бөлігінде бой көтерген үйлерден алатын болады.
Бүгін әкімдіктің ресми сайтына (www.astana.kz ) қоныс тойын тойламақ азаматтардың тізімі орналастырылды. Олар алдағы күндері сату-сатып алу келісімдерін жасау үшін Астана қаласы Тұрғын үй басқармасына шақырылатын болады.
Айта кетейік, Мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын комиссиясының оң шешімін алған, бірақ баспаналарына кірмеген азаматтар әлі де қалып отыр. Олар 2005-2007 жылдарғы Бағдарламаның - 1 375 және 2008-2010 жылдарғы Бағдарламаның - 2 291 қатысушы.
Әкімдіктің таратқан ақпаратына сүйенсек, Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан үйлерді пайдалануға беруге әзірлік жұмыстары жалғасуда және олардың іске қосылуына қарай тұрғын үй комиссиясының отырыстары өткізіліп тұратын болады. Олардың нәтижелері туралы қосымша хабарланып отырады.
«Сондықтан, өздерін бүгінгі тізімде таба алмаған азаматтарға қосымша шараларды қолдануға, соның ішінде Тұрғын үй басқармасына келудің қажеті жоқ», - деп нақтыланған хабарламада.