Астанада 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдау 2011 жылдың басында басталады - И.Тасмағамбетов
АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Келер жылдың басында Астанада 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында азаматтардан құжаттарды қабылдау басталады.
Бұл туралы өзінің жеке блогында тұрғындардың сауалдарына жауап берген қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов айтты.
«ҚР Үкіметі 2011 және одан кейінгі жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын жариялау туралы шешім қабылдаған жоқ. Бірақ келер жылдың басында 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында үміткерлерден құжаттарды қабылдауды бастаймыз», - деді әкім.
Қала басшысы атап көрсеткендей, құжаттарды қабылдау басталғандығы туралы хабарлама қалалық газеттер мен Астана әкімдігінің ресми сайтында орналастырылатын болады.
Еске салайық, 2009 жылдың 28 қаңтары мен 27 наурызы аралығында 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының бірінші кезегі бойынша құжаттарды қабылдау жүргізіліп, азаматтардан барлығы 25 347 өтініш қабылданды. Бағдарламаның бірінші кезегіне қатысушыларға Тілендиев даңғылының бойында барлығы 5612 пәтерге есептелген 20-дан астам көпқабатты үйлер салынуда. Оның 3175-і - бір бөлмелі, 1811 - екі және 626 - үш бөлмелі пәтерлер.