Астанада 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының екінші кезеңі бойынша азаматтардан құжаттарды қабылдау басталды
АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласының әкімдігі 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының екінші кезеңі басталғандығын хабарлады.
2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының соңғы екінші кезеңі бойынша құжаттарды қабылдау 2010 жылғы 29 желтоқсан мен 2011 жылғы 29 қаңтар аралығында жүргізіледі.
Мемлекеттік қордан қолжетімді баспаналарға келесі санатқа жататын азаматтар үміткер бола алады: жас отбасылар (29-жасқа толмаған және балалары бар ерлі-зайыптылар); мемлекеттік қызметкерлер; бюджеттік ұйым және мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлері.
Ал Акционерлік қоғамдар, Ұлттық компаниялар, Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, Жеке кәсіпкерліктер және тағы басқа да құрылымдардың қызметкерлері басымдық санаттарға жатпайды. Сондықтан олар Мемлекеттік бағдарламаға тек «жас отбасы» санаты (ерлі-зайыптылар 29 жасқа толмаған жағдайда) бойынша ғана қатыса алады.
Құжаттар тұрақты мекен-жайы Астана қаласы болып табылатын және осында жұмыс істейтін азаматтардан Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүргізіледі. Олар: № 1 ХҚО Сарыарқа ауданы, Республика даңғылы, № 43 үй; № 2 ХҚО, Сарыарқа ауданы, Сүйінбай ақын көшесі (Тілендиев), № 2 үй; ХҚО-ның Есіл ауданы бойынша филиалы, Қабанбай батыр даңғылы, № 5/1 үй; № 1 ХҚО, Алматы ауданы, Мирзоян көшесі, № 25 үй; № 2 ХҚО, Алматы ауданы, Оңтүстік-Шығыс ш-а, Сұбханбердин көшесі, № 3 үй.
2008-2010 жылдардағы бағдарламаның екінші кезеңіне қатысатын тұрғындар үшін Сарайшық көшесінің оң жағында және Көктал кентінің оңтүстік-шығысында барлығы 2446 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйлер салынуда. Оның ішінде: бір бөлмелі - 441; екі бөлмелі - 1089; үш бөлмелі - 916. Тұрғын үйлер кешендері 2011 жылдың IV тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Еске салайық, бағдарламаның бірінші кезеңінде 28 мың азаматтың өтініші қабылданып, оның 5612-сі тұрғын үй комиссиясының оң шешімін алды.