Астанада 2008 жылға арналған есірткіге қатысты жағдай жөніндегі ұлттық есеп таныстырылды
АСТАНА. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанада құқық қорғау органдарының өкілдері журналистерді 2008 жылға арналған есірткіге қатысты жағдай жөніндегі ұлттық есеппен таныстырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Онда аталмыш есептің мақсат-міндеттерімен таныстырған Орталық Азиядағы есірткі таратудың алдын алу бағдарламасының қауіпсіздік менеджері Әмір Елшібековтың айтуынша, аталмыш есепте елдегі есірткі мен оған қатысты қалыптасқан жағдай жан-жақты сараланып көрсетілген. Құжат күш-қуат құрылымдарына емес, мемлекеттік органдар үшін дайындалған. «Басшылық құрылымдар осы есеппен таныса отырып, елдегі есірткіге қатысты жағдайды нақты байқай алады. Сөйтіп, есірткімен күресте қандай шаралар қолдану керек, ол шараларға қаншалықты деңгейде қаржы бөлінуі қажет, есірткінің тарауының алдын алу үшін қандай орган қандай жұмыспен айналысуы қажет деген мәселелерді шешуге мүмкіндік алады. Біздіңше бұл есеп оны оқыған адамға ой салады. Бұл - біз дайындап отырған екінші есеп. Сондықтан біз оны керемет жетілген, болған-толған дүние деуден аулақпыз. Дегенмен онда көптеген құнды дүниелер бар. Ал болашақта бұл есепте осы жолы қамтылмаған көптеген мәліметтер көрініс табады деген ойдамын» деді қауіпсіздік менеджері.
Оның айтуынша, келесі жылы дайындалатын құжатта заңсыз жолмен табылған қаржыны заңдастыру сияқты мәселелердің қамтылуы мүмкін. Сондай-ақ онда Б, С гепатиттерінің тарауына қатысты жағдайға көңіл бөлінетін болады. «Өйткені біз осыған дейінгі есептерде тек адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышы мен құрт ауруы сияқты мәселелерді ғана қамтып келген болатынбыз», деді Әмір Елшібеков.
Оның ұлттық есеп негізінде келтірген мәліметтеріне қарағанда, өткен жылы елде есірткіге елітушілердің күрт өсу жағдайы байқалмаған. Дегенмен әлем бойынша есірткіні пайдаланушылар өсіп келеді. Ал Ауғанстанда өткен жылдарда өте ірі көлемде есірткі жиналды. Оның әсері есірткі тасымалданатын транзитті ел болғандықтан Қазақстанға да тимей қоймайды. Сондықтан онымен күрес үздіксіз жүргізілуі тиіс.