Астанада 2015 жылы 219 мыңнан астам жол жүру ережесі бұзылған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық құқықтық тәртіп қызметтері қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылдауда, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Құқық бұзушылыққа «нольдік төзімділік» қағидатын іске асыру мақсатында 2015 жылы Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция бөлімшелері 323,7 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде 4,3 мыңнан астамы ұсақ бұзақылық, 22 мыңнан астамы қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу, 16,3 мыңы қоғамдық орындарда темекі бұйымдарын тұтынуға тыйым салуды бұзу, 20,5 мыңнан астамы қаланы абаттандыру ережелерін бұзу фактілері, сондай-ақ 2,6 мыңнан астамы кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерлерде болуымен байланысты құқық бұзушылықтар.
Өткен жылы 219 мыңнан астам Жол жүру ережелерін бұзу фактісі анықталып, ұялы телефонды пайдаланғаны үшін 17,3 мыңнан астам (591-бап), белгіленген жылдамдық режимін арттырғаны үшін 15,6 мыңнан астам (592-бап), қауіпсіздік белдігін пайдалану ережесін сақтамағаны үшін 20,9 мыңнан астам (593-бап), көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін 2,2 мыңнан астам (608-бап), жаяу жүргіншілердің жүруіне басымдық бермегені үшін 5,6 мыңнан астам жүргізуші (600-бап), Жол жүру ережелерін бұзғаны үшін 19,7 мың жаяу жүргінші, сондай-ақ жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзғаны үшін (620-бап) 13,9 мың адам жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, 847 азаматты біріктірген құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылымдарды дамыту бойынша жұмыстар жүргізіледі. Қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етуге белсенді қатысқаны үшін 978 адам марапатталды.
Құрылыс және өзге де ұйымдардың санитарлық және экологиялық нормаларды сақтауымен байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша шаралар қабылдануда. Құрылыс нысандары бойынша олардың аумақты құрылыс және ірі көлемді қоқыстан уақтылы тазарту бойынша талаптарды сақтауы жөніндегі іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Аталған құқық бұзушылықтар үшін 210 астам лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, 2016 жылдан бастап, Астанада Жергілікті полиция қызметі өз жұмысын бастады, оның құрамына 1,5 мыңға жуық полиция енді. Жергілікті полицияның міндеті қоғамдық тәртіпті сақтау, учаскелік инспекторлардың және жол-патрульдік полиция қызметінің жұмыстарының тиімділігін арттыру болып табылады.