Астанада 21 азаматқа «Тіл жанашыры» құрмет белгісі табысталды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы ҚР Тұңғыш Президенті мұражайында 21 адамға «Тіл жанашыры» құрмет белгісі табысталды.Еске сала кетейік, «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің аталған наградасы қазақ тілінің өркендеуіне атсалысып жүрген азаматтарды ынталандыруды көздейді.

Астанада 21 азаматқа «Тіл жанашыры» құрмет белгісі табысталды  (ФОТО)

«Арамызда туған тіліміздің дамуына үнемі үлкен үлес қосып, нағыз тіл жанашыры болып жүрген еліміздің түпкір-түпкірінен келген азаматтар отыр. Елімізде тілге жанашырлық көрсететін адамдар көптеп саналады. Осыған орай, биылғы жылғы бізге 100-ге жуық ұсыныс келіп түсті. Солардың ішінен 21 үміткерді іріктеп алдық. Сіздердің әрқайсыңыздың орыныңыз бөлек. Бәріңіз де тілдің тағдыры үшін тынбай күресіп жүрсіздер, жас ұрпақтың тілінің таза болуына атсалысып келесіздер. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуіне қамқор болып жүрсіздер, сондай-ақ жылдар бойы көз майын тауысып, сөздіктер жасадыңыздар, тілді дамытуға арналған жобаларды қолдап, ұлт меценаты атандыңыздар. Соның барлығы да ескеріліп отыр»,-деді марапаттау рәсімінің алдында «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің құрметті төрағасы, ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы, «ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы» ММ директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков. Айта кетейік, осы құрмет белгісі биыл бесінші рет табысталып отыр. Биылғы марапатталғандар арасында еліміздің барлық өңірлеріндегі тіл жанашырлары, сонымен қатар Мәскеу мен Орынбор қалаларында қазақ халқының мәдениеті мен тілін насихаттап жүрген азаматтар қамтылды.