Астанада 22 майдангер пәтерге ие болды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елбасының тапсырмасы бойынша ардагерлерге пәтер кілттерін Астана қаласы Алматы ауданының әкімі Сапар Ахметов табыстады. Оның айтуынша, пәтерлер 22 ардагерге Астанадағы «Жібек жолы» және «Фаворит» тұрғын үй кешендерінен бөлінді.
«Ұлы Отан соғысындай адамзат тарихында бұрын-соңды алапат соғыс болмаған. Сіздер сол соғыста ерлікпен Жеңіс әпердіңіздер. Сіздердің өмірлеріңіз бен ерліктеріңіз жас ұрпақ үшін - қайсарлық пен патриотизмнің жарқын мысалы болып қалмақ»,- деді С. Ахметов құттықтау сөзінде.
Пәтер алып, қуанышқа бөленгендердің бірі Брянск шайқасына, Орлов-Курск қантөгісіне қатысып, соғыстан кейін Ақмола облысында ішкі істер органдарында 31 жыл қызмет атқарған ардагер Темірғали Әділбеков. 87 жасты алқымдаған қарт майдангер Елбасына өзінің жүрек жарды алғысынг білдірді.
«Өзім сияқты соғыс ардагерлерін және Қазақстан халқын Жеңіс күнімен құттықтаймын! Аспанымыз қашан да ашық, еліміз тыныш болсын! Қазақстан халқының достығы нығая берсін», дейді Т. Әділбеков.