Астанада 248 жарнама-ақпараттық нысан ауыстырылды
АСТАНА. 27 тамыз. ҚазАқпарат - Қазіргі уақытта Астана қаласы бойынша жарнама-ақпараттық нысандардың жалпы саны 1160 құрайды, оның ішінде 248-і «Астана қаласының аумағына құрылыс салу ережесіндегі» сызбаға сәйкес ауыстырылды. Бұл туралы бүгін қалалық Мәслихаттың отырысы барысында Сәулет және қала құрылыс басқармасының басшысы Виталий Силецкий мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта Астана қаласы бойынша 1160 жарнама-ақпараттық нысан орнатылған. Меншік иелері өз беттерінше 248 нысанды алып, Астана қаласының қала құрылысы кеңесі бекіткен техникалық сипаттамалар мен өлшемдерге сәйкес жаңаларына ауыстырып жатыр»,- деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, елордада жарнама-ақпараттық нысандарды орналастыру «Астана қаласының аумағына құрылыс салу ережесінің» схемаларына сәйкес қатаң түрде жүргізілетін болатын.
«Әрбір орынның өзіндік сәйкестендіру номірі, пайда болу тарихы, мекенжайы, габариттік өлшемдері және меншік иесінің атауы мен имиджі бар» - деді В.Силецкий.
Астана қаласының ресми сайтының ақпаратына қарағанда, елордада барлық жарнама-ақпараттық тақталар бірдей болады. Әр жерде орналасқан билбордтардың арнайы өлшемдері жасалады. Аудандық маңыздағы магистральдарда жарнама-ақпараттық алаңның ауданы 2-5 шаршы метр, қалалық маңыздағы магистральдарда 12-18 шаршы метр және К-1 көлік жолдары мен шығаберіс магистральдарда 18-72 шаршы метр болады.