Астанада 25 қаңтардан 25 наурыз аралығында учаскелік полицейлер тұрғын үйлерді аралайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының учаскелік инспекторлары үйлер мен пәтерлерді аралауда, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Астанада 25 қаңтардан 25 наурыз аралығында учаскелік полицейлер тұрғын үйлерді аралайды

«Сәлеметсіз бе, мен сіздің учаскелік полиция инспекторыңызбын!» акциясының бірінші күнінде елордалық полицейлер 400 жуық ұсақ бұзушылықты анықтады.
Астана қаласының ІІД Жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Ғосман Жакиннің айтуынша, акция барысында учаскелік полиция инспекторлары пәтерлер мен үйлерді аралап, әкімшілік учаскеге қызмет көрсететін ІІБ кезекші бөлімдері мен учаскелік инспектордың байланыс телефондары жазылған карточкалар таратады.
«Акция басталғалы елордалық учаскелік инспекторлар 20-дан артық көп пәтерлі тұрғын үйде, 480 жеке меншікті үйде, 45 саяжай алабында болған. Сондай-ақ, 400 жуық ұсақ бұзушылық тіркелді, соның ішінде 70 факті рұқсат етілмеген жерлерде спирттік ішімдіктер ішу мен темекі шегуге қатысты, тіркеусіз және құжатсыз тұрып жатқан 67 азамат анықталды», - деді ол.
Сонымен қатар, тұрғын үйді жалға берудің 43 фактісі белгілі болды. Бұл туралы ақпарат салық органдарына жіберілді. Көші-қон заңнамасын бұзған 42 шетелдік ұсталды, соның ішінде 19-ы Астана қаласының ІІД қабылдау-таратқышына қамалды. 24 адам профилактикалық есепке алынды, соның ішінде 16-сы отбасылық-тұрмыстық қатынас саласында құқық бұзушылыққа жол берген, екеуі тұрмысы төмен отбасылар.
Бұдан басқа, елордалық учаскелік полицейлер ПИК пен қоғамдық құрылымдардың өкілдерінің қатысуымен әкімшілік учаскелердің тұрғындарымен есеп беру кездесулерін өткізуде.
Акция басталғалы тұрғындармен 10 есеп беру кезедсуі өткізілді, онда ұсақ бұзушылықтарды болдырмау және олардың алдын алу бойынша халықпен өзара әрекет ету, тұрғындардың пәтерлерді жалға беруі, тыныштықты бұзу және т.б. мәселелер талқыланды.
Айта кетейік, «Сәлеметсіз бе, мен сіздің учаскелік полиция инспекторыңызбын!» акциясы елордада 25 қаңтардан 25 наурызға дейін өтеді. Шараның мақсаты азаматтармен тығыз сенімді қарым-қатынас құру, учаскелік полицейлер қызмет көрсететін әкімшілік учаскелерде құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстарды белсендіру болып табылады.