Астанада 27 азаматқа «Тіл жанашыры» құрмет белгісі табыс етілді

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл облыс әкімшіліктері, қоғамдық ұйымдар мен мекемелері осы белгімен марапаттауға еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ге жуық адамды ұсынған көрінеді. «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің құрметті төрағасы Махмұд Қасымбеков басшылық еткен іріктеу комиссиясы солардың ішінен 27 үздікті таңдаған.
Атап айтар болсақ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат Сақ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетінің филология факультетінің деканы Сабыржан Мұхтаров, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Тұрсын Сыдықов, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «География және туризм» кафедрасының профессоры, география ғылымдарының докторы, облыстық ономастика комиссиясының мүшесі Қуат Сапаров, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Шынар Құрманбаева, Алматы облысындағы Үмбетәлі Кәрібаев атындағы әдеби-мемориалдық мұражайының директоры, ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Надежда Лушникова, Атырау облысы «Теңізшевройл» компаниясының мемлекеттік тілге жауапты маманы Любовь Толстова, «Катев» халықаралық қорының президенті Мехмет Месут Ата және басқалар бар.
Айта кету керек, «Тіл жанашыры» құрмет белгісі алғаш рет қазақ тілін зерттеп жүрген шетелдік ғалымдарға берілді. Олардың қатарында Түркия профессоры Абдувахаб Кара, Еуропа қыпшақтары қауымдастығының президенті Вад Ласло, Оңтүстік Кореяның Ханкук университетінің профессоры Йун Си Нэ, Мюнхен университетінің профессоры Қайум Кесижи, Индиана университетінің профессоры Уильям Фиерман бар.
Шараға «Назарбаев Орталығы» мемлекеттік мекемесі, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті мұражайы, «Тіл» республикалық ақпараттық-сараптамалық журналы, «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қоры қолдау көрсетті.