Астанада 3 мың көлік құралдарын газ отынына көшіру жоспарлануда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Оған Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхамбетов, мәслихат хатшысы Сансызбай Есілов, қалалық басқармалар мен аудандардың басшылары қатысты, деп хабарлады елорда әкімінің баспасөз қызметі.
Сессияда қаланың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ, мәслихаттың кейбір шешімдерін өзгерту мәселелері талқыланды.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхамбетовтың айтуынша, бүгінде Астана қаласын 2020 жылға дейінгі дамыту жоспарын іске асыру аясында экологиялық жағдайды жақсартуға байланысты басты бағыттар айқындалды.
- Атмосфераны ластаушы қалдықтардың жалпы салмағы 2014 жылы 165 мың тоннаны құраған. Атмосфераның ластану индексінің көрсеткіші - 3,7 бірлік. Елордалық әуе бассейнінің жағдайы халықтың тұрмысы үшін өте қолайлы болып табылады, - деді Қ. Айтмұхаметов.
Оның айтуынша, ластанудың негізгі көзі - автокөлік құралдары (55,6%). ЖЭО-1, ЖЭО-2 секілді энергетикалық кәсіпорындардың үлесі 30,96% құраса, басқа да ластану көздері - 15,74%, жеке сектордан ластану - 9,4% пайыз болды.
Іс-шаралар жоспарына сәйкес, ведомство қарамағындағы кәсіпорындардың 3 мыңнан астам көлігін газмоторлы жанармаймен алмастыру керек. Бұндай жанармай түрін пайдаланған жағдайда түтін шығу төмендеп, қорғасын қоспаларының пайда болуы азаяды.
Сессия барысында қалалық мәслихаттың «Астана қаласында су нысандарында жалпы суды пайдаланудың ережелері туралы», «Астана қаласының аумағында құрыылыс жүргізу ережелері туралы» шешімдеріне өзгерістер енгізілді.
Сессия соңында қалалық мәслихаттың келесі отырысында қаралатын мәселелер бекітілді.