Астанада 3 жылыжай мен 6 көкөніс қоймасы салынып жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда Астана қаласында 3 жылыжай мен 6 көкөніс қоймасының құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметінен.
«Бұл нысандарды қолданысқа бергенде сақтау көлемі бойынша қала сұранысы қанағаттандырылады. 2016-2017 жылдары кезең-кезеңмен іске қосылатын көкөніс қоймалары бар. Ал құрылысы жүріп жатқандарды 2015 жылдың ортасына қарай қолданысқа беру көзделген», - деп хабарлады Ауыл шаруашылығы басқармасынан.
Жалпы бүгінде Астанада 5 көкөніс қоймасы бар. Оның 2012 жылы қолданысқа берілген үшеуі 15 тонна өнімге шақталған. Сол уақытта өндіріс қуаттылығы 2,5 мың тонна өнім болатын 2 жылыжай ашылды. 2011 жылдан бастап елорданың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жоспар жүзеге асырылуда. Ол 7 бағыттан тұрады. Оның ішінде қайта өңдейтін кәсіпорындарға қолдау көрсету, жаңа жобаларды жүзеге асыру, бағаларды бақылау, тұрақтандыру қорының жұмысы, санитарлық-ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және т.б. бар. Жоспар аясында қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға қолдау көрсетілуде.