Астанада 30 ауыл еңбеккерi «Ұлт даңқы» төсбелгiсiмен марапатталды

АСТАНА. 3 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгiн Астанада "Әлеуметтiк қолдау және ынталандыру орталығы" қоғамдық ұйымы 30 ауыл еңбеккерiн "Ұлт даңқы" төсбелгiсiмен марапаттады.

Астанада 30 ауыл еңбеккерi «Ұлт даңқы» төсбелгiсiмен марапатталды

"Бүгiн бiз ауыл шаруашылығында көп жылдар бойы еңбек еткен 30 еңбеккерге "Ұлт даңқы" төсбелгiлерiн табыстаудамыз. Бұл - ең алғашқы салтанатты шара. Бiздiң ұйым осылайша ауылдың бетке ұстарларын марапаттағысы келдi. Бүгiн олар елордада елдiң саяси, қоғамдық және спорт қайраткерлерiмен кездесiп, өз жерлерiне үлкен әсер алып қайтады. Марапатталғандардың қатарында негiзiнен фермерлiк шаруашылықтардың басшылары бар. Себебi ауылда бiрден бiр жұмыс берушiлер солар. Олар елiмiздiң "Бизнестiң жол картасы-2020", "Жұмыспен қамту-2020" бағдарламаларының қатысушылары", - дедi "Әлеуметтiк қолдау және ынталандыру орталығы" қоғамдық ұйымының өкiлi Дмитрий Двойнев.

"Өзiмнiң өмiр тарихым ауыл шаруашылығынан басталған. Бүгiнгi таңда "ҚазТранГаз Аймақ" Түлкiбас аудандық газ шаруашылығын алғашқы құрылғанынан бастап басқарып келе жатқаныма биыл 11 жыл болды. Ендi осы 11 жылдағы үлкен еңбектiң арқасы бүгiнгi таңда Оңтүстiк Қазақстан облысы Түлкiбас ауданындағы барлық елдi мекендерiн 100 пайыз көгiлдiр газбен қамтамасыз еттiк. Ол кездерi 350 үй газдандырылған болса, 2002 жылдан берi 58 елдi мекенде 17 мыңнан астам үйге газ жүргiзiлдi. "Ұлт даңқы" орденiмен марапатталуым жiгерiме жiгер қосады, бұдан да үлкен еңбекке қол жеткiзсем деп ойлаймын", - дейдi марапатталушылардың бiрi, «ҚазТранГаз Аймақ» компаниясының Түлкібас филиалының бастығы, Түлкібас аудандық мәслихатының және Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Келесбек Жартыбаев.